13 наурыз күні NU-да «AVC Қайырымдылық қоры» жеке қорының стипендиаттарын марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ іс-шара аясында AVC Hackathon жобаларының финалдық кезеңі – студенттік жобалардың таныстырылымы ұйымдастырылды. Шараға AVC Group және Nazarbayev University өкілдері қатысты.
Жоғары академиялық жетістіктері, мотивациясы және университет өміріне белсенді қатысқаны үшін Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің бес студенті мен Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің бес студентіне көктемгі семестрге ай сайынғы стипендия тағайындалды.
«Университеттің деңгейі оның түлектері арқылы бағаланады. Біздің студенттер жұмыс істейтін компаниялардан тек оң пікірлер алып жатырмыз. Сондықтан компаниялардың студенттерімізге осындай қызығушылық танытып, оларды қолдап жатқаны бізді қуантады», — деп стипендиаттарды NU-дың студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Қадиша Дайырова құттықтады.
Марапаттау рәсімінен кейін AVC Hackathon байқауының финалы өтті. Финал барысында студенттер түрлі бағыттар бойынша инновациялық шешімдерін ұсынды. Олардың қатарында AI чат-боттарын әзірлеу, жасанды интеллект негізінде қаржылық платформалар құру, өнеркәсіптік жабдықтарды жөндеуге қажетті ресурстарды автоматты түрде есептеу жүйесі, сондай-ақ жобалық құжаттаманы автоматты тексеруге арналған AI-платформа бар. Байқаудың жалпы жүлде қоры 5 млн теңгені құрады. Жеңімпаз атанған командалар: Indian Corn (1-орын), 88 (2-орын) және Toosya (3-орын).
















