Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Ф. Смууттың мұрасына тағзым

Nazarbayev University физика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, NU-дегі Energy Cosmos Laboratory (ECL) зертханасының негізін қалаушы профессор Джордж Ф. Смут III-тің қайтыс болуына байланысты терең қайғысына ортақтасып көңіл айтады.

Берклидегі Калифорния университетінің Құрметті профессоры доктор Смут заманауи космологияның дамуына зор ықпал еткен әлемге танылған астрофизик еді. 2006 жылы ол Үлкен жарылыс (Big Bang theory) теориясын дәлелдейтін маңызды ғылыми деректерге негізделген зерттеулері үшін Нобель сыйлығына ие болды.

Профессор Смут 2017 жылы NU-да ашылған ECL зертханасының қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосты. Оның жетекшілігімен зертхана теориялық және бақылаушы астрономия, деректерді талдау және криогендік детекторлар технологиясы бойынша Орталық Азиядағы жетекші орталықтардың біріне айналды. 2023 жылы оны Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық ғылым және технология кеңесінің құрамына енгізу – оның ғылыми беделінің жоғары бағалануы еді.

«Профессор Смуттың жетекшілігімен ECL қысқа уақыт ішінде аймақтағы астрофизика бойынша алдыңғы қатарлы зерттеу орталығына айналды. Зертхананың дамуы, әсіресе, заманауи криогендік кешеннің құрылуы және детекторларды –273°C-қа дейін салқындататын жабдықпен қамтылуы – оның ғылыми көзқарасының арқасы», — деді зертхана жұмысының бастауында тұрған және оны ұзақ жылдар бойы қолдаған Тұрақты даму жөніндегі директор доктор Канат Байгарин.

Бұл технологиялық серпілістер ECL ғалымдарына жоғары дәлдіктегі астрономиялық бақылаулар жүргізуге мүмкіндік берді. Зертхана жетістіктерінің қатарында Ассы-Түрген обсерваториясындағы роботтандырылған оптикалық телескопты іске қосу және ең ерте тіркелетін гамма-жарқылдарды бақылау әдістемесін дамыту бар. Ғалымдар гамма-жарқылдардың алғашқы кейінгі сәулелену сәттерін тіркеп, әлемдік астрофизикаға маңызды үлес қосты және Ғаламдағы ең қуатты құбылыстарды тереңірек түсінуге жол ашты.

Соңғы жеті жылда ECL Лоуренс Беркли ұлттық зертханасы (LBNL), Францияның CNES ғарыш агенттігі және Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) сияқты ұйымдардың қатысуымен бірқатар ірі халықаралық конференциялар ұйымдастырды. Бұл ынтымақтастықтар университеттің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, NU-ды жоғары деңгейлі зерттеулер орталығы ретінде таныта түсті.

Профессор Смут жас зерттеушілерді қолдауға ерекше мән берді. Ол студенттердің ғылыми жұмыстарға белсенді қатысуына жағдай жасап, қазақстандық жастардың әлемдік ғылымның алдыңғы шебінде жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.

Nazarbayev University профессор Джордж Смуттың жақын серіктесіне Nora Csiszar, отбасына, әріптестеріне және халықаралық ғылыми қауымдастыққа шынайы көңіл айтады. Ғалымның еңбегі Қазақстандағы астрофизикалық зерттеулердің дамуына көп жылдар бойы ықпал етеді.

Профессор Смут 2025 жылдың 18 қыркүйегінде Париж қаласында 80 жасында дүниеден өтті.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53