Назарбаев университет қабырғасында Кореяның азаматтық құрылыс және құрылыс технологиялары институты (KICT), ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Назарбаев Университет» ДББҰ, сондай-ақ «Қазақстан жобалаушыларының Республикалық одағы» ЗТБ бірлескен меморандумға қол қойды.
Тараптар бұл құжат Қазақстан мен Оңтүсік Корея арасындағы стратегиялық әріптестігін кеңейтетініне сенімді. Меморандум құрылыс салу және қоршаған ортаны қорғау индустриясы саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған. Бұл бағыттар Қазақстанның инфрақұрылымын дамыту үшін ерекше маңызды, деп Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу қол қою рәсімінде атап өтті:
«Инженерияның, атап айтқанда, азаматтық құрылыстың күнделікті өмірдегі рөлі өте маңызды. Бұл сондай-ақ көптеген елдердің тұрақты даму принциптеріне сәйкес ілгерілеуіне байланысты. Сонымен қатар, Қазақстан аумағы үлкен, климаттық жағдайлары әртүрлі ел ретінде белгілі бір құрылыс нормалары мен стандарттарын сақтауды талап етеді. Бұл сәулетшілер мен дизайнерлер үшін сынақ әрі шабыт деп айтуға болады. Зерттеуге бағытталған Назарбаев Университеті үшін сіздің Институтпен ынтымақтастық орнату үлкен мүмкіндік болмақ. Біз болашақта жемісті серіктестікке үміттенеміз».
Кореяның азаматтық құрылыс және құрылыс технологиялары институты — мемлекет тарапынан қаржыландырылатын Оңтүстік Кореяның ауылдық және қалалық инфрақұрылымды дамыту, «ақылды» және жер сілкінісіне төзімді ғимараттар салу саласындағы көшбасшыларының бірі. Институт президенті Ким Бён Сок екі ұйымның ғылыми қауымдастығының тығыз ынтымақтастығына қызығушылық танытып, елордамызды «үй» деп атады.
Ким Бён Сук, Кореяның азаматтық құрылыс және құрылыс технологиясы институтының президенті:
«Бұл менің Қазақстанға бірінші сапарым, бірақ өзімді үйде отырғандай жайлы сезінемін. «Неге?» — деп өзіме сұрақ қойдым. Реинкарнацияға сенетіндіктен, бұрынғы өмірім осында болуы мүмкін деп ойладым. Бүгін осы рәсімге қатысып, бірлескен ынтымақтастыққа қосылғаныма өте қуаныштымын. Біз Қазақстанмен, әсіресе университетпен ғылыми-зерттеу саласында тығыз серіктестік орнатуға мүдделіміз, бірлескен ұсыныстар әзірлеуді қалаймыз».
Меморандумда көрсетілген бағыттар бойынша ғылыми ынтымақтастықты ТМД елдеріндегі ең үздік құрылыс кафедрасы болып саналатын SEDS NU Құрылыс және қоршаған ортаны қорғау кафедрасы жүзеге асырады.
Ресми ұзарту мүмкіндігі бар 5 жылдық меморандум тараптар арасында жер сілкінісіне төзімді ғимараттар мен құрылыстарды зерттеу және дамыту, энергияны үнемдейтін ғимараттар құру, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу және құрылысты ақпараттық модельдеу (BIM) салаларында ынтымақтастық орнатуды мақсат етеді. Сонымен қатар, болашақта құрылыс саласындағы әлеуетті арттыру және кадрларды даярлау жоспары бар.








