Nazarbayev University Қазақстан университеттерімен ынтымақтастықты кеңейтеді

26 қаңтарда Nazarbayev University (NU) президенті Вакар Ахмад бастаған делегация екі қазақстандық университет – Abai University және Satbayev University-ге оқу-ағартушылық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту мақсатында жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына сондай-ақ атқарушы вице-президент Аслан Сәрінжіпов, провост Рехан Садық және университеттің басқа өкілдері кірді. 

Кездесу барысында тараптар оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Арнайы назар халықаралық стандарттарға сәйкес ғылыми-педагогикалық қоғамдастықты дамыту мүмкіндіктеріне, сондай-ақ модульдік және зерттеуге бағытталған білім беру практикаларын енгізуге аударылды.

NU президенті профессор Вакар Ахмад Abai University мен Satbayev University-дің елдегі адам капиталы, ғылым және инновацияларды дамытудағы үлесін атап өтті.

«Біз осы беделді білім ордаларының таланттарды, ғылым мен инновацияны дамытуға, сондай-ақ әртүрлі кәсіби салаларда практикалық дағдыларды қалыптастыруға қосқан үлесімен танысып, ерекше әсер алдық. Satbayev University-дің өнеркәсіппен тығыз ынтымақтастық жасауға және әртүрлі университеттермен бірлескен білім бағдарламаларын іске асыруға деген ұмтылысы жақсы әсер қалдырды. Ал Abai University педагогикалық кадрларды даярлаудағы рөлі арқылы мектептегі білімінің сапасын арттыруға бағытталған ұлттық мақсатқа қол жеткізуге елеулі үлес қосуда. Сондай-ақ университет өнер және дизайн саласында жаңа білім мен практикалық дағдыларды дамытып жатыр», — деді профессор Вакар Ахмад.

Сонымен қатар ол университеттің Қазақстандағы барлық жоғары оқу орнымен ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысын атап өтті. Атап айтқанда, NU Жоғары білім беру мектебі ректорлар, проректорлар, декандар және мектеп директорлары үшін тұрақты біліктілікті арттыру және басқарушылық әлеуетті дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруда. Оған қоса NU зерттеушілерді бірлескен жобаларға тарта отырып, өңірдегі университеттерде ғылыми зерттеулерді дамытуға арналған гранттарға инвестиция салуда.

«Біз екі университетпен серіктестік байланыстарды әрі қарай нығайта түсеміз деп үміттенеміз. Бұл сапарлар еліміздің оқу орындарына жасалатын сапарлардың бастамасы болып отыр», — деді Вакар Ахмад.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53