«Металл мінезді пластик»: болашақ технологияларға арналған полимерлерді дамытып жүрген ғалым

Ақ халат көбіне дәрігерлермен байланыстырылып жатады. Алайда зертханаларда скальпельмен емес, формула мен микрожүйелермен жұмыс істейтін мамандар да бар. Солардың бірі — Гүлдана Жигербаева, Nazarbayev University жанындағы Жаңа материалдар және энергия технологиялары институтының (INMET) ғылыми қызметкері. Ол электроника мен медицина саласын өзгертіп жатқан ток өткізгіш полимерлерді зерттеп, әзірлеумен айналысады.

«Зертханалық халатты киген сәтте бар назарым жиналып, ішкі тәртіп орнайды. Бұл жай киім емес — бұл кәсіби жауапкершіліктің белгісі», — дейді ол.

Өткен жылы Гүлдана жұмыс істейтін зертханада электрөткізгіштігі жоғары екіөлшемді полимерді синтездеудің жеделдетілген тәсілі әзірленді. Қарапайым тілмен айтқанда, ток өткізгіш полимер — «металл мінезді пластик». Әдетте металл ток өткізеді, ал пластик керісінше оқшаулайды деп білеміз. Сондықтан бұл материалдар  шекараны жояды: салмағы жеңіл, икемді, бірақ электр тогын өткізеді.

Әлемде мұндай шешімдерге сұраныс артып келеді. Электроника біртіндеп қатты кремний құрылымдарынан икемді органикалық материалдарға көшуде. Олар бүктелетін дисплейлерде, киілетін құрылғыларда, медициналық сенсорларда және нейроинтерфейстерде қолданылады.

«Біздің әзірлемелер жүздеген мың рет бүктеуге төтеп беретін иілмелі смартфондар мен шиыршықталып ашылатын экрандар жасауға мүмкіндік береді. Ал медицинада “қаттының жұмсақпен үйлеспеуі” мәселесін шешеміз: металл чиптер қабыну тудыруы мүмкін, ал ток өткізгіш полимерлер биосәйкес келеді және тірі ұлпаның қасиеттеріне жақын», — деп түсіндіреді зерттеуші.

Тағы бір бағыт — «ақылды» киім. Полимерлерді матаның талшықтарына сіңіріп, қарапайым жейдені жүрек ырғағын тіркейтін әрі тер құрамын талдайтын сенсорға айналдыруға болады. Технологияның әлеуеті зор болғанымен, әлсіз тұстары да бар: ток өткізгіш полимерлер уақыт өте келе оттегі мен ылғал әсерінен қасиетін жоғалтады.

«Біз материалдың тұрақтылығын арттыратын химиялық құрамдар әзірлеп, оларды шынайы жағдайға жақын ортада сынаймыз — мысалы, 10 мың рет бүктегеннен кейінгі күйін немесе термен жанасқандағы өзгерістерін тексереміз. Мен үшін жетістік — қолданыстағы баламалардан тиімді әрі арзанырақ жұмыс істейтін сенсор не чиптің дайын үлгісін жасау», — дейді ол.

Ғылым оның жеке өмірімен де сабақтас. Болашақ жарымен магистратурада оқып жүргенде NU қабырғасында танысқан. Ерболат Мағазов — химиялық инженерия докторы, «жасыл» энергетика технологияларын зерттейді. Зерттеушінің айтуынша, зияткерлік үндестік олардың қарым-қатынасының маңызды бөлігіне айналған.

«Біз бір-біріміздің кәсіби ортасын жақсы түсінеміз. Серігім — әрі басты сыншым, әрі ең сенімді қолдаушым. Мұндай үндестік қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, кәсіби өсуге де қуатты серпін береді», — дейді ғалым.

«Ғылым әйелдерге арналмаған» деген пікір, оның ойынша, бүгінгі күні маңызын жоғалтып келеді. Химия факультетіндегі курсында студенттердің 70–75 пайызы қыздар болған, бұл үрдіс магистратура мен докторантурада да сақталған. Гендерлік талқылаулардың орнын біртіндеп кәсіби біліктілік пен еңбектің бағалануы басып келеді.

«Материалтану — жынысқа қатысты мәселе емес. Бұл — талдамалы ойлау мен инженерлік түйсіктің ісі».

Сонымен қатар жүйелік қиындықтар сақталып отыр. Ғалымның айтуынша, әйелдерге кәсіби қабілетін дәлелдеуге ерлерге қарағанда көбірек күш жұмсауға тура келеді. Бұған қоса, университеттегі академиялық жүктеме жоғары: дәріс оқу, мақала жариялау, грант тарту, есеп беру, студенттерге жетекшілік ету — мұның бәрі жеке өмірмен қатар жүреді.

«Ғылымдағы көптеген әйел созылмалы шаршау күйінде. Мотивацияның төмендеуі қабілеттің жоқтығынан емес, шамадан тыс жүктемеден туындайды», — дейді ол.

Қолдау, оның пікірінше, институционалдық деңгейде болуы тиіс: балабақша мен мектепке қолжетімділік, әскери қызметкерлерге ұқсас тұрғын үй бағдарламалары, нақты әлеуметтік кепілдіктер.

«Тарих көрсеткендей, мұндай шаралар нәтиже береді. Қазақстан Ғылым академиясы қалыптасқан кезеңде Қаныш Сатпаев ғалымдарға арнап тұрғын үй салуды ұйымдастырған, қызметкерлерге арналған арнайы дүкендер ашқан. Ғалымдар зияткерлік элита ретінде қарастырылып, мемлекет олардың тұрмыстық мәселелерін жеңілдетуге тырысқан. Өйткені мықты ғылым — әлеуметтік тұрғыдан қорғалған әрі тұрақты зерттеушісіз мүмкін емес», — дейді Гүлдана.

Зерттеуші академиктер отбасында өскен: әкесі — ауыл шаруашылығы ғылымдарының профессоры, анасы — педагогика ғылымдарының докторы. Өзін шығармашылыққа жақын жан ретінде сипаттайды: би, музыка, сурет және фотосурет өнеріне қызығады. Ол ғылымды да жасампаздықтың бір түрі деп санайды. Қазіргі әйел-ғалымның күші неде деген сұраққа кідірместен жауап береді: төзімділік, тәртіп және жоғары жүктеме жағдайында нәтижелі еңбек ету қабілеті. «Оның күші — күрделі жүйеге бейімделіп қана қоймай, шектеулі ресурстар жағдайында да жаңалық жасап, ғылымды алға жылжыта білуінде».

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53