Назарбаев Университетінің Kazakh Stage театральдық клубы 13 және 15 қараша күндері өткен «Тәкаппар ғашықтар» қойылымымен толық зал жинап, көрерменді тәнті етті. Бұл қойылым Джейн Остиннің атақты «Pride and Prejudice» шығармасының қазақ тіліне аударылған ерекше интерпретациясы болды.
Қойылымның атмосферасы ерекше болды: әр сахна, әр актердің эмоциясы залдағы адамдарды толығымен баурап алды. Тамашалаған көрермен әртүрлі сезімге бөленді, күліп, қуаныш сезімін сезіп, ал кейде толқып, тіпті көз жасын жасырмады. Көрермен пікірлерінде қойылымға шын көңілімен тәнті болғандарын атап өтті.
Қойылымның режиссері Жанель Сагингали өз ішкі сезімдерімен бөлісті: «Бұл қойылым мен үшін алғашқы «бөпем» сияқты-көз алдымда өсіп, көрерменге жол тартқан сәті ерекше толқыныс сыйлады. Басты мақсатым-көрерменге екі сағат ішінде ой салып, сұрақтармен шығуына ықпал ету болды. Әр көрерменнің сахналарды өзінше қабылдап, түрлі интерпретация жасауы маған қатты ұнады. Бұл жұмыста қоғамға пайдасын тигізе алатын жалынды жастардың еңбегі жатыр, сондықтан қойылымнан аларым, берерімнен де көп болды«.
Kazakh Stage клубының бұл жобасы студенттердің шығармашылық әлеуетін, ынтымақтастығын және өнерге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Қазақ тіліндегі классикалық романның заманауи интерпретациясы университеттің мәдени өміріне ерекше леп қосты.
Сурет: NU Image
Мәтін: Аружан Закария









