Nazarbayev University (NU) алаңында Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) өкілдері болды. Делегацияны Қордың бөлім басшысы әрі Орталық Азия бойынша миссия жетекшісі Али әл-Ейд бастап келді.
Сапардың мақсаты — қонақ дәріс өткізіп, студенттерге ХВҚ-ның қызметі туралы баяндау, Кавказ бен Орталық Азия елдеріне арналған экономикалық шолудың негізгі тұжырымдарын таныстыру, сондай-ақ қазіргі макроэкономикалық үрдістерді талқылау. Сарапшылар Қазақстан экономикасының даму болашағына, саяси басымдықтар мен алдағы реформаларға ерекше назар аударды.
«Мемлекеттік шығындар жоспарын, орта мерзімді экономикалық саясатты — тұтынушылық несиелеудің динамикасын, бюджеттік шығыстарды және өзге де факторларды талдай отырып, келесі жылы экономикалық өсім шамамен 4,5% болады деп болжап отырмыз. Қазақстан биыл жоғары қарқын көрсетіп отыр, сол себепті пайыздық өсім алдағы жылы сәл төмендеуi мүмкін. Тұтынушылық несиелеуді реттеу күшейеді деп күткендіктен, 2026 жылға қарай өсім баяулауы ықтимал. Ал бюджет саясаты бойынша, біздің бағалауымызша, мемлекеттік шығындар арта береді», — деді ХВҚ-ның Таяу Шығыс және Орталық Азия департаментінің аға экономисі Дина Хэн.
Сарапшылар келер жылы инфляцияның сақталатынын, бірақ көрсеткіштің сәл төмендеуі мүмкін екенін де атап өтті. Талқылау барысында олар экономиканы нығайтудың түрлі тетіктерін түсіндіріп, салық реформасының маңызын, сондай-ақ Қазақстан «тірек мемлекет» бола алатын өңірлік интеграцияның рөлін атап өтті. Бұдан бөлек, квазибюджеттік операциялар мен жеңілдетілген несие беру механизмдері сөз болды.
Халықаралық валюта қоры — 1944 жылы әлемдік экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылған ұйым. Бүгінде құрамында 191 мемлекет бар. Қор халықаралық институттармен тығыз жұмыс істей отырып, қаржылық тұрақтылықты қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асырады. ХВҚ елдерге экономикалық саясат жөнінде кеңес береді, қысқа мерзімді қаржылық көмек көрсетеді және институционалдық әлеуетті нығайтуға жәрдемдеседі. Сонымен бірге, Қор студенттер мен PhD түлектеріне жазғы тағылымдамалар, ассистенттік бағдарламалар және халықаралық ұйымдардағы тәжірибесі бар мамандарға арналған лауазымдар сияқты мансаптық мүмкіндіктер ұсынады.













