Қазақстанда ғылыми фотосуретке арналған халықаралық Wiki Science Competition байқауының ұлттық кезеңі аяқталды. Байқауды Nazarbayev University ұйымдастырды. Ұлттық кезеңде үздік танылған жұмыстар 2026 жылдың ақпанында өтетін халықаралық кезеңге жолдама алады.
Биыл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 517 өтінім түсті. Ғалымдармен қатар сирек табиғи құбылыстар мен елдің бірегей биоалуан түрлілігін бейнелейтін саяхатшылар мен табиғат зерттеушілері де белсенді қатысты. Жұмыстар жеті аталым бойынша сарапталды: «Ғылымдағы адамдар», «Микроскопиялық бейнелер», «Фотосуретке жатпайтын материалдар», «Бейнелер топтамасы», «Жабайы табиғат және қоршаған орта», «Астрономия» және «Жалпы аталым».
Байқаудың Қазақстандағы үйлестірушісі, NU Research Administration құрылымының ғылыми коммуникация жөніндегі менеджері Бибігүл Мақажанованың айтуынша, байқаудың екінші рет өтуі ғылыми зерттеулерді көрнекі түрде ұсынуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді: «Байқау ғалымдарға өз жобаларын көрсетуге мүмкіндік беріп, ғылым тек маңызды ғана емес, сонымен бірге көркем де бола алатынын еске салады. Адам жасаған бейне мен жасанды интеллект қалыптастырған бейненің арасы барған сайын көмескіленіп жатқан заманда кәсіби бақылау, зерттеушілік интуиция және адамдық көзқарас ерекше мәнге ие».
Қазақстандық қатысушылардың барлық жұмысы Wikimedia Commons платформасында еркін лицензиямен жарияланды. Соның арқасында оларды әлем бойынша білім беру және ғылыми-көпшілік мақсатта пайдалануға болады әрі Wikipedia-ның жаһандық білім қорын толықтырады. Бағалауды ғылыми және креативті қауымдастық өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының мамандары кірген тәуелсіз қазылар алқасы жүргізді. Жұмыстар ғылыми құндылығы, көркемдік сапасы, сипаттамасының толықтығы, бірегейлігі және сараптамалық бағасы тұрғысынан қаралды.
Қазылар алқасының мүшесі, ғылыми қызметкер Александр Арбуз ұсынылған тәсілдердің кең ауқымын атап өтті: «Мені жұмыстардың алуандығы таңғалдырды: электрондық, конфокалдық және классикалық микроскопиядан бастап ғылыми-көркем фотосуретке дейін бар. Үздіктерді таңдау оңай болған жоқ — көптеген жұмыс деңгейлес шықты».
Жеңімпаздар:
- «Табиғат» санаты: Қарынжарық шатқалындағы «Үш ағайынды» тауы;
- «Ғылымдағы адамдар» санаты: Арал теңізінің құрғаған табанындағы сексеуіл көшеттерін отырғызу;
- «Микроскопиялық бейнелер» санаты: ×25 000 үлкейтілген E. coli бактериялары;
- «Бейнелер топтамасы» санаты: Қалалық ауаның микробөлшектері микроскоп астында;
- «Астрономия» санаты: Ай дискісі арқылы өткен Халықаралық ғарыш станциясының транзиті;
- «Жалпы аталым» санаты: Поляризацияланған жарықты сындырған мөлдір шар ұстаған робот қолы;
- «Фотосуретке жатпайтын материалдар» санаты: «Қазақстан даласындағы солтүстік шұғыла» бейнежұмысы.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі наурыз айында өтеді. Жеті аталымның әрқайсысында үздік атанған қатысушылар байқаудың бас демеушісі — NU Impact Foundation қорынан 200 000 теңгеден ақшалай сыйлық алады. Сондай-ақ таңдаулы жұмыстар ғылыми фотосуретті кең аудиторияға таныстыру мақсатында көрмеге қойылады.


















