Nazarbayev University (NU) Embassy Day шарасына Астанада аккредиттелген 15 елдің дипломатиялық миссиясының елшілері мен өкілдері келді. Қатысушылардың қатарында Беларусь, Бразилия, Канада, Сауд Арабиясы, Сербия, АҚШ, Өзбекстан және басқа да мемлекеттердің дипломаттары болды.
Президент Вакар Ахмад қонақтарды университеттің басшылығымен таныстырып, NU-дің академиялық жетістіктеріне тоқталды. Ол Times Higher Education World University Rankings 2026 жаһандық рейтингінде NU-дің жоғарылағанын, Орталық Азия мен Кавказ университеттері арасында бірінші орынға, ал ТМД бойынша төртінші орынға шыққанын атап өтті. NU — QAA аккредитациясынан өткен зерттеу университеті, соңғы 15 жылда инженерия, жаратылыстану, медицина, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, педагогика салаларында білім, ғылым және инновацияны ұштастырып келеді.
«Университеттің негізгі миссиясы — сапалы білім беру, жоғары деңгейлі ғылыми зерттеулер жүргізу және елдің дамуына нақты үлес қосу. Бірақ біз үшін қосымша екі маңызды міндет бар. Біріншісі — елдегі жоғары білім жүйесінің дамуына үлес қосу, басқа университеттердің академиялық стандарттарын көтеруге көмектесу, ректорлар мен декандарға арналған кәсіби бағдарламаларды іске асыру. Екіншісі — денсаулық сақтау саласының біріктірілген жүйесін дамыту. Біздің Медициналық мектебіміз бен елдегі үздік төрт клиникалық аурухана осы бағыттың өзегіне айналып отыр», — деді NU президенті доктор Вакар Ахмад.
Бүгінде NU-де 38 елден келген шетелдік студенттерді қоса алғанда, шамамен 8 000 студент 78 бакалавриат, магистратура және PhD бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Вице-президент Асель Увалиева студенттердің ғылыми ортаға белсенді араласатынын атап өтті.
«NU-дегі ғылыми жарияланымдардың шамамен 25%-ы студенттердің қатысуымен дайындалады. Айқын мысал: PhD-студент Айжан Ахмади Паркинсон ауруымен байланысты J1 ақуызының қызметін зерттеу бағытында маңызды ғылыми жаңалық жасап, нәтижелерін Nature Research басылымдарының бірінде жариялады», — деді ол.
NU 23 елдің университеттерімен 50-ден астам серіктестік орнатқан және академиялық ұтқырлықты белсенді дамытып келеді. Университет толық оқу ақысын және ай сайынғы стипендияны қамтитын «Абай» грантын ұсынады. Келесі жылдан бастап NU жаңа ішінара қаржыландыратын Abay Scholarships стипендияларын да енгізеді.
Қабылдау барысында Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI NU) цифрлық технологиялар саласындағы бірқатар жаңалықтарды таныстырды. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі алғашқы ірі тілдік модель — ISSAI KAZ-LLM, сондай-ақ жаңа көптілді және генеративті AI құралдары ұсынылды.
NU Embassy Day қабылдауы жаңадан тағайындалған дипломаттармен қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ NU-дың соңғы жетістіктері мен стратегиялық басымдықтарын таныстыруға мүмкіндік берді.
Сурет: Мухаммедали Набатов, NU Image

















