Бахнұр Зиябековтың айтуынша, талапкердің тәжірибесі мен білімі болуы керек, ең бастысы, ол NU Жоғары білім беру мектебіне «Білім беруді басқару» (M.Sc. in Educational Leadership) магистратура бағдарламасына түсуі қажет.
«Осы университеттің түлегі ретінде және Президенттің педагог мамандығының мәртебесін көтеру курсын қолдау мақсатында мен білім индустрияны дамытуға бағытталған осы сыйлықақыны тағайындауды жөн көрдім», — деп Бахнұр Зиябеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Студенттер екі жыл ішінде білім саласындағы реформалар тарихынан, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуден бастап, министрліктерге ұсыныстар енгізу үдерісіне дейін көп нәрсені үйренеді.
«Сабақтарды негізгі жұмыспен ұштастыра отырып, сапалы білім алуға бұл тамаша мүмкіндік. Құжаттарды тапсырыңыз, оқуға түсіңіз, өкінбейсіз. Менің топтастарым қазір Америкада, Канадада, Дубайда, Түркияда жұмыс жасап жатыр, ал Қазақстандағы топтастарым өздерінің жеке мектептерін ашты», — деп шақырды Бахнұр.
NU Жоғары білім мектебі түлектің ізгі ниетін жоғары бағалады.
«Біз түлектеріміздің жоғары баға бергеніне өте қуаныштымыз, олардың Alma Mater-мен осындай байланысы бар екені, және түлектер Жоғары білім беру мектебінің дамуына, жалпы индустрияның дамуына өз үлестерін қосқысы келетіні бізді қуантады. Бахнұр Зиябековтың бастамасымен бұрынғы студенттер университет өміріне қатысып, өз үлестерін, оның ішінде материалдық жағынан да қосқысы келетін жаңа тренд пайда болуда», — деп атап өтті NU GSE деканы Аида Сағынтаева.
Көптеген NU студенттері мен түлектері әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, IT дағдыларын үйретуге және мектеп оқушыларын оқытуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Осылайша, «Hello Aul» платформасының негізін қалаушы Бахнұр Зиябеков мектеп түлектеріне шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге қолдау көрсетумен қатар, жыл сайын жазда ауыл мектептеріне барып, волонтерлерге ағылшын тілінен сабақ береді. Сондай-ақ платформада NU және басқа университеттердің профессорларымен және кеңесшілерімен бірлесіп әзірленген оқу материалдарын пайдалана отырып, мектеп оқушылары үшін онлайн сабақтар өткізіледі.








