Назарбаев Университетінің кітапханасында Халықаралық балалар әдебиеті күніне арналған «Ертегілер әлеміне саяхат» атты іс-шара өтті. Ұйымдастырушылар – НУ кітапханасының менеджерлері Петр Лапо, Ғазиза Тарик, Еуразия Ұлтық Университетің өкілі Жаслан Нұрбаев, және NU Жоғары білім беру мектебінің профессорлары Дуйшон Шаматов, Джанет Хелмер мен Мишель Бедекер мен магистранттары Әйгерім Байжұмаева мен Арай Сәрсенбай.
Іс-шараның қонақтары – Ақтөбе облысы Қаратоғай, Қостанай облысы Павлов, Жамбыл облысы Еңбекшіарал және Айшабибі, Қарағанды облысы Осакаровка, Абай облысы Қалбатау, Жібек жолы, Тайтөбе және Ақмола облысы Жақсы ауылдарынан келген ауыл мектептерінің балалары мен мұғалімдері.
Кітапханада кездесу алдында жас қонақтар университетті аралап, волонтерлермен экскурсияға қатысты. Ал НУ профессорлары болса, мұғалімдермен білім беру мәселелерін талқылап, зерттеу жобалары туралы айтып берді. Балалар қазақ мифологиясын зерттеуші, «Мәңгілік қазақтың аспаны» (2013, 2020) кітабының және қазақ мифологиясы негізінде жазылған «Бату мен оның достарының бастан кешкен оқиғалары» атты балаларға арналған кітаптар топтамасының авторы, жазушы Зира Наурызбаймен кездесті. Автор ертегіден үзінді оқып, кейіпкерлерді қонақтармен бірге талқылады, балалар өз пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, жас қонақтар сурет салып, NUGSE профессорларымен және магистранттарымен әңгіме құрды.
«Кітаптар балалардың рухани және интеллектуалдық дамуында маңызды рөл атқарады және біз кітап оқуды насихаттағымыз келеді. Бұл сапар балалардың оқуға деген ынтасын арттыруға және Қазақстанның алдыңғы шептегі университеттерінде немесе шетелде оқу мақсатын қоюға көмектесті деп үміттенеміз – деп қорытындылады профессор Дуйшон Шаматов.
Профессорлар мен мұғалімдер осындай кездесулер жақсы дәстүрге айналады деп үміттенеді.








