200 PhD гранты: Өтініштер қабылдау басталды

Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші ғылыми-зерттеу университеті — Nazarbayev University, докторантура қолдау бағдарламасын кеңейтіп, PhD гранттарының санын 200-ге дейін ұлғайтты. Бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден екі есе артық. Әсіресе жаратылыстану, компьютерлік ғылымдар, инженерия және медицина салаларына басымдық беріліп отыр.

Бағдарлама мемлекеттік гранттар, сондай-ақ университеттің өз қаражаты мен NU Impact Foundation қоры есебінен қаржыландырылады. Кеңейту аясында Nazarbayev University-де докторанттарды қолдау, ғылыми жетекшілік жүйесін нығайту және пәнаралық зерттеулерді дамыту үшін Докторантура институты құрылды. 

«Университет 1000-нан астам докторант пен кәсіби докторлық бағдарламалар тыңдаушыларын даярлауды мақсат етіп отыр. Докторантура институтының ашылуы зерттеушілерді даярлау сапасын арттырып қана қоймай, пәнаралық зерттеулерді күшейтуге және жас ғалымдарды жаһандық ғылыми қауымдастыққа кеңінен интеграциялауға жол ашады», — деді NU-дың жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалар жөніндегі қауымдастырылған провосты, доктор Луис Р. Рохас-Солорсано.

Докторантура университеттер, ғылыми-зерттеу институттары мен R&D орталықтары үшін кадр даярлауда шешуші рөл атқарады. Көптеген елдерде, әсіресе STEM салаларында, ғылыми зерттеулердің негізгі бөлігін дәл осы докторанттар жүзеге асырады. PhD гранттарының екі есеге жуық артуы Қазақстанның ғылымды дамытуға және ұлттық әрі өңірлік басым міндеттерді шешуге бағытталған стратегиялық ұстанымын көрсетеді.

Докторантураның кеңеюі университеттің халықаралық беделінің өсуімен қатар жүріп отыр. Биыл Nazarbayev University Times Higher Education World University Rankings рейтингінде көтеріліп, 401–500 аралығына енді.  Сондай-ақ ол Шанхай рейтингінің үш пәндік бағыты бойынша ұсынылған және Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші университет мәртебесін сақтап отыр. Leiden Ranking 2025 деректеріне сәйкес Biomedical and Health Sciences бағыты бойынша NU әлемде 39–44-орынға тұрақтады. Бұл рейтинг университеттерді тек ғылыми зерттеулердің сапасы негізінде бағалайды.

2026–2027 академиялық жылға арналған докторантура (PhD) бағдарламаларына онлайн өтінім қабылдау ашық және келесі жылдың наурыз айына дейін жүргізіледі.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53