Астана қаласында «Шекарасыз кардиоонкология: Еуразия өмір үшін бірігеді» тақырыбында 1-ші Еуразиялық кардиоонкология конгресі өтеді. Конгресс Еуразия, Еуропа, Таяу Шығыс, АҚШ және Австралиядан кардиологтар, онкологтар, гематологтар, медициналық бейнелеу және сәулелік терапия мамандарын біріктіреді.
Екі күнге жоспарланған бағдарлама үш залда өтетін пленарлық және тақырыптық сессияларды қамтиды. Негізгі бағыттар қатарында кардиоуыттылықтың алдын алу және ерте анықтау, иммунотерапияның жүрекке әсері, қатерлі ісікпен байланысты тромбоз, мультимодальды бейнелеу, кардиоонкогематология, балалар кардиоонкологиясы, Heart Team тәсілі және медицинадағы цифрлық технологиялар бар.
Конгресс офлайн және онлайн форматта өткізіледі. Іс-шара сонымен қатар Еуразиядағы әйел дәрігерлердің кәсіби тәжірибесі мен үлесін атап өтіп, медицина саласындағы ынтымақтастықты, білім алмасуды және көшбасшылықты дамытуға бағытталған.
