НУ-дағы алғашқы қайырымдылық сынағы Балаларды дамыту қоры мен НУ қауымдық клубтарының қолдауымен өтті. Қайырымдылық жарысының ұраны: «Бір университет-бір команда». Ол Назарбаев университетінің Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің адами ресурстарды дамыту жөніндегі менеджері Айнұр Мұрымбаеваның бір жасар қызы Айзияға қаражат жинау мақсатында ұйымдастырылды. Сәбиге күрделі ауру диагнозы қойылды — екі көзінің ретинобластомасы. Одан әрі ем шараларын жалғастыру үшін шамамен 15 миллион теңге қажет.
23 қазан күні ауа райының суықтығына қарамастан, жарысқа 100-ден астам жүгіруші, оның ішінде профессорлар, студенттер мен университет қызметкерлері қатысты. НУ Академиялық мәселелер жөніндегі вице-провосты Лоретта О’Доннелл ханым және НУ Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы Гонсало Хортелано мырза барлық қатысушыларды жылы сөзбен қарсы алып, жарысқа қатысуға және балаға көмектесуге дайындығы үшін алғыстарын білдірді.
Жүгіру алдында қатысушылар дене шынықтыру жаттығуларын жасап, 1 және 3 шақырымдық қашықтықты еңсеру үшін төрт топқа бөлінді. Барлық қатысушылар сертификаттар мен символикалық сыйлықтарға ие болды.







