“Kazakh Stage” студенттік клубының 34 студенті сәуірдің басында Абай облысының орталығы киелі Семей қаласына, ары қарай ұлылар дүниеге келген Жидебайға апарып келді. Сапар мақсаты – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан қазақтың белгілі философтары, ақындары, қоғам және саяси қайраткерлері Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасын зерттеу. Президент Шигео Катсу бастаған Назарбаев Университетінің студенттері мен оқытушылары осы ұлы ақындардың өмірі мен шығармашылығы туралы көбірек білу үшін саяхатқа шықты. Олар қазақ халқы үшін киелі саналатын Жидебайдағы Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінде ұлы Абайдың, Шәкәрімнің басына зиярат жасап, дұға бағыштады.
Назарбаев Университетінің делегациясы Абай мен Шәкәрімге байланысты басқа да маңызды мәдени ескерткіштерді аралап қайтты. Соның ішінде, олар Абай өмірінің соңғы жылдарын өткізген тарихи үй – Жидебайдағы Абайдың үй-мұражайында болды. Мұражайда Абайдың өмірі, оның отбасы, шығармашылығымен жақынырық танысты.
Делегация сондай-ақ Абай мен Шәкәрім шығармаларын терең зерттеп, жазған қазақтың атақты жазушы ғалымына арналған Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің үй-мұражайында болды. Мұражайда Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы құнды мәліметтер сақталған.
Әрі қарай, Назарбаев Университетінің студенттері мен Президент Катсу Семейдегі Абай мұражайында болып қайтты. Мұражайда Абайдың өмірі мен шығармашылығына жан-жақты шолу жасайтын қолжазбалар, жеке заттар мен жәдігерлер топтастырылған.
Студенттердің Абайға деген махаббаттары олардың Абай өлеңдері мен қарасөздерін жол бойында, барған музейлерде бірінен соң бірі тоқтамай оқуынан, домбыра, гитарамен сүйемелдеп Абай әндері шырқаған тұстарда байқалды.
Семейге бару Назарбаев Университетінің студенттері үшін Абай мен Шәкәрімге тағзым етіп қана қоймай, олардың қазақ әдебиеті, мәдениеті мен тарихын тереңірек түсінуіне мүмкіндік болды. Президент Катсу Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудың және студенттердің бойында ұлтжандылық сезімін тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.







