Назарбаев Университетінде Ә.Нұршайықовтың романы бойынша спектакльдің тұсаукесері өтті

15 қараша күні Назарбаев Университетінде «Kazakh Stage» студенттік клубы ұйымдастыруымен «Махаббат, қызық мол жылдар» пьесасының заманауи бояумен сахналанған қойылымы өтті. Студенттер бірегей туындының желісінде шынайы махаббат сезімінің өрлеу барысын бейнелеп, НУ қауымдастығының қазақ театр өнеріне қызығушылық деңгейін арттыруды көздеген болатын.

15 қараша күні Назарбаев Университетінде «Kazakh Stage» студенттік клубы ұйымдастыруымен «Махаббат, қызық мол жылдар» пьесасының заманауи бояумен сахналанған қойылымы өтті.

Студенттер бірегей туындының желісінде шынайы махаббат сезімінің өрлеу барысын бейнелеп, НУ қауымдастығының қазақ театр өнеріне қызығушылық деңгейін арттыруды көздеген болатын. Қойылымда соғыс уақытына лирикалық шегініс жасалып қана қоймай, заманауи әлеуметтік мәселелер қозғалып, тарихи кезеңдердің тоқтығысуы музыкалық сүйемелдеумен бейнеленді.

«Жалпы бұл роман соғыс жылдарынан кейінгі студенттік өмір, махаббат және достық жайлы болғандықтан, бұл тақырып өзімізге жақын болды. Бұл қойылымда біз өзімізді сомдадық десем артық айтпаймын. Kazakh stage ұйымы студенттерінің еңбегі орасан зор, өйткені, клуб мүшелері актер болып қана қоймай, режиссура, продюсерлік, cценарий жазу сияқты cахнаның сыртындағы жұмысты да өздерімен қатар алып жүрді. Сол үшін де оларға үлкен алғысымды білдіргім келеді» — деп бөлісті NU SEDS 3 курс студенті Айсұлтан Өмірбай, қойылымның режиссері.

Сахналық туындыда бүгінгі таңда қоғамымызда өзекті болып табылатын зорлық-зомбылық және отбасы институтындағы қарым-қатынас мәселелері көрініс тапты. Сонымен қатар, жас дарындар негізгі аудитория — жоғарғы оқу орнының шәкірттері екенін ескеріп, шығарма мазмұны бойынша студенттер арасындағы достық, бауырмалдық, ауызбіршілік сынды құндылықтарды насихаттауды негізге алған.

Kazakh Stage клубы 2019 жылы 6 қыркүйекте Назарбаев Университеті қабырғасында өз кірпішін қалап, күннен күнге даму үстінде. Қазақ тілі мен мәдениетін университет ішінде театралды қойылымдар арқылы дәріптеу мақсатын қолға алған клубымыз өзге де іс-шаралар арқылы танылуда.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53