NU шетелдік студенттерді қолдау тәжірибесімен бөліседі

Nazarbayev University (NU) шетелдік студенттерді жаңа ортаға бейімдеу тәжірибесі NASPA-ның Жаһандық бөлімшесі шығарған алғашқы халықаралық жинаққа енді. NASPA – жоғары оқу орындарындағы студенттерге қызмет көрсету саласындағы беделді кәсіби қауымдастықтардың бірі.

Халықаралық студенттермен және мамандармен жұмыс жөніндегі басшы Арай Саниязова «Мәдениеттерді жақындастырып, болашақты бірге құру: шетелдік студенттердің табысқа жетуіне қолдау көрсету» (Bridging Cultures, Building Futures: Supporting International Student Success) атты мақаласында университеттің шетелдік студенттерге оқу үдерісіне бейімделіп, университет өміріне етене араласуына қалай көмектесетінін баяндаған.

Қазір NU-да 40 елден келген 400-ге жуық шетелдік студент білім алады. Университет шетелдік студенттердің мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, оларға қолдау көрсетудің кешенді жүйесін қалыптастырған. Соның бірі – жуырда қолға алынған Home Away from Home («Өз үйіңдегідей орта») бағдарламасы. Бағдарлама студенттерге жаңа ортаға келіп, бейімделуінен бастап, университет қауымдастығына сіңісіп, оның ішінде және одан тыс жерлерде қоғамдық өмірге белсенді араласуына дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетеді.

Аталған бастама былтыр Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінде (БАӘ) өткен беделді NASPA MENASA Area Merit Awards халықаралық марапаттау рәсімінде студенттерді қолдаудағы үздік инновациялық тәжірибе аталымы бойынша Алтын жүлдеге ие болды.

«Жоғары білімді интернационалдандыру дегеніміз – шетелдік студенттерді тартумен ғана шектелмейді. Бұл – өзара құрметке, академиялық қолдауға және мәдениетаралық диалогқа негізделген орта қалыптастыру», – деп атап өтті Арай Саниязова.

NASPA Global Division цифрлық жинақтың алғашқы басылымына 12 елдің мамандары әзірлеген 40-тан астам ғылыми зерттеу мен тәжірибелік материал енген. Авторлар жоғары оқу орындарында халықаралық қауымдастық қалыптастыру, инклюзивті ортаны дамыту және жоғары білімді интернационалдандыру жағдайында студенттерді қолдау мәселелерін қарастырады. Жинақпен NASPA сайтында және білім беру саласындағы халықаралық зерттеулер базасы ERIC-те танысуға болады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53