Денсаулық сақтау жүйесі климаттың өзгеруінен туындайтын қауіптерге қалай дайындалып, сонымен қатар қоршаған ортаға тигізетін әсерін қалай азайта алады? Бұл мәселе 5–6 қараша күндері Астанада Nazarbayev University (NU) базасында өткен Планетарлық денсаулық және тұрақты денсаулық сақтау жөніндегі II халықаралық конференцияның негізгі тақырыбына айналды. Конференцияны NU Медицина мектебі мен University Medical Center (UMC) ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Испания, Жапония, Сингапур және Ұлыбританиядан 200-ден астам зерттеуші, халықаралық сарапшы, мемлекеттік органдардың өкілдері мен медицина мамандары қатысты.
«Орталық Азиядағы планетарлық денсаулық: нақты іс-қимыл» (Planetary Health in Action across Central Asia) тақырыбымен өткен конференцияда климаттық және экологиялық мәселелердің денсаулық сақтау саласына әсері, сондай-ақ оларға қарсы бірлескен іс-қимыл жолдары талқыланды. Конференцияның ашылуында NU вице-президенті Хак Хуэй Нг бұл сын-қатерлерді тек медицина саласының күшімен шешу мүмкін емес екенін атап өтті.
«Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның нашарлауы, ауаның ластануы және су тапшылығы мәселелерін тек медицина саласының күшімен шешу мүмкін емес. Бұл бағыттар әртүрлі ғылыми салалар, мекемелер мен елдер арасындағы ынтымақтастықты қажет етеді. Сонымен қатар медицина мамандарын даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және медициналық көмек көрсету тәсілдерін қайта қарауымыз керек. Денсаулық сақтаудың болашағы ауруларды қаншалықты тиімді емдейтінімізге ғана емес, адам денсаулығына бастапқыдан әсер ететін жағдайларды қаншалықты тиімді жақсарта алатынымызға да байланысты».
Халықаралық сарапшылар зерттеу, саясат және клиникалық тәжірибе тұрғысынан өз көзқарастарымен бөлісті.
Сингапур Ұлттық университетінің Ён Лу Лин атындағы медицина мектебі жанындағы Тұрақты медицина орталығының директоры, профессор Nick Watts климаттың өзгеруі, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйелерін трансформациялау арасындағы байланысты қарастырды.
Dr Rafael Marcé көл экожүйелерін зерттеуге арналған Global Lake Ecological Observatory Network (GLEON) халықаралық ғылыми желісі аясындағы жиырма жылдық ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті. Бұл желі зерттеушілер мен ғылыми деректерді біріктіріп, көл экожүйелеріндегі экологиялық үдерістерді зерттеуге мүмкіндік береді.
Жапонияның Institute of Science Tokyo университетінің профессоры Nobutoshi Nawa Орталық Азияда планетарлық денсаулық саласындағы зерттеулер мен саясатты дамытуға арналған платформаны құру жөніндегі жұмысты таныстырды.
Испанияның Отбасылық және қоғамдық медицина қоғамының (semFYC) Планетарлық денсаулық бағдарламасының өкілі Miriam Navarro Beltrá планетарлық денсаулық қағидаттарын алғашқы медициналық көмек жүйесіне енгізу тәжірибесі туралы айтты.
Талқылаудың тағы бір маңызды бағыты денсаулық сақтау ұйымдары деңгейіндегі нақты шешімдер болды. Халықаралық бағалаулар бойынша, денсаулық сақтау секторы әлемдегі парниктік газдар шығарындыларының шамамен 4–5%-ына жауапты. Сондықтан ауруханалар алдында екі міндет тұр: халықты экологиялық қауіптерден қорғау және медициналық қызметтің қоршаған ортаға әсерін азайту.
Қазақстандағы осындай бастамалардың бірі — University Medical Center (UMC) жүзеге асырып жатқан UMC Go Green бағдарламасы. UMC NU-дың интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесінің құрамына кіреді және NU Медицина мектебінің клиникалық базасы болып табылады.
«Біздің міндетіміз — жекелеген экологиялық акциялар өткізумен шектелмей, ауруханаларды басқару тәсілін өзгерту. Біз сапалы медициналық көмекті, ресурстарды ұқыпты пайдалануды және экономикалық тиімділікті қатар қамтамасыз етуге болатынын көрсеткіміз келеді», — деп атап өтті UMC басқарма төрағасының орынбасары Айгерим Абдиоразова.
Мұндай бастамаларды кеңінен енгізу үшін медициналық ұйымдардың көміртек ізін бағалаудың бірыңғай ұлттық стандарттарын әзірлеу, медициналық қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту және экологиялық тұрақтылық қағидаттарын денсаулық сақтау саясатына енгізу қажет.



















