NU Science Café: Антибиотиктер неліктен тиімділігін жоғалтып жатыр?

Зерттеушілер микробқа қарсы препараттарға төзімділік, Қазақстандағы антибиотиктерді қолдану және «Біртұтас денсаулық» тәсілін талқылады

Микробқа қарсы препараттарға төзімділік (МҚПТ) NU Science Café кезекті кездесулерінің басты тақырыбына айналды. Бұл — Nazarbayev University Баспасөз қызметі 2026 жылдың басында іске қосқан, ғалымдар мен журналистерді біріктіріп, күрделі ғылыми тақырыптарды кең аудиторияға түсінікті тілде жеткізуді мақсат ететін ғылыми-көпшілік платформа.

Талқылауға NU Медицина мектебінің профессоры Юлия Семенова, PhD докторанттары Дариға Жазықбаева мен Жанар Көшерова, сондай-ақ дәрігер-резидент Жадыра Мұстафа қатысты. Олар антибиотиктердің неліктен біртіндеп тиімділігін жоғалтып жатқанын және Қазақстанның бұл өзекті мәселені шешу үшін қандай қадамдар жасай алатынын талқылады.

Профессор Юлия Семенова үшін микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселесі клиникалық тәжірибесінің нәтижесінде зерттеудің басым бағыттарының біріне айналды. Медицина саласындағы 30 жылға жуық тәжірибесінде ол бұрын ұзақ жылдар бойы тиімді қолданылып келген антибиотиктердің енді күткендей нәтиже бермейтінін байқай бастаған. Кейінгі зерттеулер оның негізгі себептерінің бірін анықтауға мүмкіндік берді: антибиотиктерді жиі әрі дұрыс қолданбау бактериялардың оларға төзімділігін арттырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) микробқа қарсы препараттарға төзімділікті жаһандық денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті он қатердің қатарына жатқызады. 2024 жылы The Lancet ғылыми журналында жарияланған жаһандық талдау болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай микробқа қарсы препараттарға төзімділік жыл сайын шамамен 1,9 миллион адамның тікелей өліміне себеп болуы мүмкін.

Қазақстан да осыған ұқсас мәселелерге тап болып отыр. Әсіресе амбулаториялық деңгейде антибиотиктерді тұтыну көлемі артып келеді. 2024 жылы Қазақстанда ДДСҰ-ның күнделікті қолдануға ұсынылатын Access тобына жататын антибиотиктердің үлесі 37,9%-ға дейін төмендеген. Бұл ДДСҰ белгілеген кемінде 60% нысаналы көрсеткіштен төмен.

Қазақстанда жүргізілген зерттеулердің бірі жалпы халық арасында сауалнамаға қатысқандардың 40%-ы антибиотиктерді дәрігердің рецептісіз қолданғанын көрсетті. Сонымен қатар антибиотиктер суық тию сияқты аурулар кезінде де жиі қолданылады. Алайда олар вирустық инфекцияларға әсер етпейді.

Қазіргі уақытта NU Медицина мектебінің зерттеушілері 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми гранттар аясында екі бастаманы жүзеге асыруда. Олар — Қазақстандағы антибиотиктерге төзімділік картасы және Қазақстандағы антибиотиктерді тұтыну картасы.

Жобалардың мақсаты — еліміздің әртүрлі өңірлері мен медициналық мекемелерін қамтитын ауқымды деректер базасын қалыптастыру. Антибиотиктерге төзімділік картасы несеп шығару жолдары, тыныс алу жолдары, қан ағымы, тері мен жұмсақ тіндердің инфекцияларын тудыратын негізгі бактериялық қоздырғыштарды бақылауға мүмкіндік береді. Ал антибиотиктерді тұтыну картасы стационарлық және амбулаториялық медициналық мекемелерде антибиотиктердің қолданылуын зерттейді.

Бұл құралдар дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласындағы шешім қабылдаушыларға өңірлік ерекшеліктерді анықтауға, антибиотиктерді тағайындау тәжірибесін жетілдіруге және микробқа қарсы препараттарды жауапкершілікпен қолдану жөніндегі ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуге көмектеседі деп күтілуде. Зерттеулердің алғашқы нәтижелері рецензиядан өткен ғылыми жарияланымдарда жарық көрді.

4 қарашадағы кездесу 2026 жылғы NU Science Café бағдарламасының қорытынды басқосуы болды. Жыл бойы платформа жасанды интеллект пен экологиялық тұрақтылықтан бастап медицина, ғарыш және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелеріне дейінгі түрлі тақырыптарды талқылау үшін ғалымдар мен журналистерді бір алаңға жинады.

Осы бастама арқылы NU Баспасөз қызметі ғалымдардың зерттеулерін академиялық ортадан тыс кең аудиторияға таныстыруға және маңызды ғылыми мәселелерді қоғамдық талқылауға шығаруға мүмкіндік жасап келеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53