NU-дың стратегия және іске асыру жөніндегі атқарушы директоры Дункан Пристли мен қауымдастырылған профессоры Дамира Канаева Principal Fellow (PFHEA) мәртебесін иеленді. Бұл – жоғары білім беру саласындағы кәсіби жетістіктері үшін Ұлыбританияның Advance HE ұйымы беретін ең жоғары деңгейдегі мойындау.
Advance HE кәсіби мойындаудың төрт деңгейін белгілейді: Associate Fellow (AFHEA), Fellow (FHEA), Senior Fellow (SFHEA) және Principal Fellow (PFHEA). Соңғы мәртебе жоғары білімді дамытуға, академиялық көшбасшылықты нығайтуға және білім беру тәжірибесін жетілдіруге елеулі үлес қосқан мамандарға беріледі.
Доктор Дункан Пристли NU-да 13 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Ол университеттің стратегиялық дамуына, институционалдық зерттеулерге, қызмет нәтижелерін бағалауға, тәуекелдерді басқаруға және сапаны қамтамасыз етуге жауап береді. Сонымен қатар Пристли NU-дың Ұлыбританияның QAA агенттігінің халықаралық аккредиттеуінен сәтті өтуіне мүмкіндік берген жұмыстарға жетекшілік етті.
Доктор Дамира Қанаева NU-да 2011 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол ғылыми зерттеулерге арналған зертханалық инфрақұрылымды қалыптастыруға, оқу үдерісіне зерттеу тәсілдерін енгізуге және университет бағдарламаларын жетілдіруге атсалысты. Ғылыми жұмыстары ауру қоздырғыштары мен биологиялық маркерлерді анықтауға арналған биосенсорларды әзірлеуге бағытталған. Сондай-ақ ол туберкулезді диагностикалау саласындағы өнертабысқа берілген патенттің иегері.
NU-дың тағы екі өкілінің Principal Fellow мәртебесін алуы университеттің академиялық көшбасшылықты дамыту және жоғары білім сапасын арттыру бағытындағы жетістіктерін толықтыра түсті. Бұған дейін Advance HE ұйымының осы жоғары кәсіби мойындау деңгейіне NU вице-президенті, доктор Гүлмира Қанай, академиялық жоспарлау және бюджеттеу жөніндегі вице-провост, Жоғары білім беру мектебінің деканы, профессор Аида Сагинтаева ие болған. Академиялық мәселелер жөніндегі вице-провост Саманта Смидт те осы мәртебеге ие.
Бұдан бөлек, университеттің 80-нен астам оқытушысы мен қызметкері Advance HE ұйымының Senior Fellow және Fellow кәсіби мәртебелерін иеленген. Олар NU-дың түрлі академиялық мектептері мен әкімшілік бөлімшелерінде қызмет етеді.








