Астанада NU экожүйесіне кіретін University Medical Center Жүрек орталығының 15 жылдығына арналған «XV – Excellence and Value in Heart Care» халықаралық конференциясы өтті. Екі күнге созылған шараға Қазақстаннан және Еуропа, Америка, Таяу Шығыс пен Азия елдерін қоса алғанда, әлемнің 20-дан астам елінен кардиология және кардиохирургия саласының жетекші мамандары қатысты.
Қатысушылар жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін, интервенциялық кардиологияны, кардиохирургияны, аритмологияны, кардиоанестезиологияны, қарқынды терапияны, кардиорадиологияны және инновациялық технологияларды талқылады.
Конференцияның арнайы қонағы – белгілі чехиялық кардиохирург Ян Пирк болды. Ол 2012 жылы Юрий Пямен бірге Қазақстанда алғаш рет жүрек трансплантациясын жасауға қатысты.
15 жыл ішінде UMC Жүрек орталығы Қазақстанда заманауи кардиология мен кардиохирургияны дамытуға үлес қосқан жетекші медициналық орталықтардың біріне айналды. Оның мамандары отандық медицинада бірқатар күрделі операциялар мен жаңа емдеу технологияларын енгізді. Осы уақыт ішінде мұнда 130 мыңнан астам операция жасалып, 110 мыңнан астам пациентке медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ 109 жүрек және 26 өкпе трансплантациясы орындалды.
«Біз үшін бұл конференция – жай ғана мерейтойлық шара емес. Бұл – жүріп өткен жолымызға көз жүгіртіп, алдағы мақсаттарымызды айқындайтын мүмкіндік. Бүгінде Астанаға әлемнің әр түкпірінен мамандар жиналып, тәжірибе алмасып, жүрек-қан тамырлары медицинасының болашағын талқылады. 15 жыл – маңызды белес, бірақ біз үшін бұл жаңа кезеңнің бастауы. Алда әлі атқаратын жұмысымыз көп», – деді UMC Басқарма төрағасы Юрий Пя.
Конференцияда мейіргер ісіне де жеке сессия арналды. Қатысушылар заманауи медицинадағы мейіргерлердің рөлін, медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосатын үлесін және кәсіби даму мүмкіндіктерін талқылады.
Биыл конференция бағдарламасына алғаш рет клиникалық емес бағыттарға арналған арнайы блок енгізілді. UMC мамандары сапаны басқару, ауруханадағы қызмет көрсету және персоналды басқару тақырыптарында дәрістер өткізді. Сонымен қатар резиденттер мен жас зерттеушілер клиникалық кейстер байқауы аясында өз жұмыстарын халықаралық сарапшыларға таныстырды.
Конференция аясында шетелдік спикерлер үшін UMC Жүрек орталығы мен NU кампусына таныстыру туры ұйымдастырылды. Қонақтар клиникалық, ғылыми және білім беру инфрақұрылымымен, негізгі жұмыс бағыттарымен және одан әрі ынтымақтастық мүмкіндіктерімен танысты.



















