Nazarbayev University (NU) президенті Вакар Ахмад бастаған университет делегациясы Петропавл қаласындағы Kozybayev University-ге барып, өңірлік университеттермен білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен өнеркәсіп арасындағы байланысты дамыту мәселелерін талқылады.
Сапар барысында NU өкілдері Kozybayev University басшылығымен, декандарымен және зерттеушілерімен кездесіп, университеттің ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Тараптар жасанды интеллект, ақылды ауыл шаруашылығы, агрогеномика, су ресурстары, жаңа материалдар және қашықтан зондтау бағыттарындағы бірлескен жұмыстың мүмкіндіктерін қарастырды.
Ұсынылып отырған жобалар Солтүстік Қазақстан үшін өзекті міндеттерді шешуге бағытталған. Олардың қатарында ауыл шаруашылығын цифрландыру, климаттың өзгеруіне бейімделген дақыл сорттарын әзірлеу, су ресурстарын тиімді басқару, өнеркәсіптік прототиптер жасау, сондай-ақ ГАЖ, ұшқышсыз технологиялар мен жасанды интеллект арқылы су тасқыны, құрғақшылық және өрттерді бақылау бар.
NU президенті профессор Вакар Ахмад Kozybayev University-дің ғылыми және инфрақұрылымдық әлеуетін атап өтіп, NU-дың өңірлік жоғары оқу орындарымен серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Мұндай ынтымақтастық мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулерді өңірлік экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланыстыруға, сондай-ақ өңірлердің ғылыми және технологиялық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Сапар аясында делегация «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ өндірістік нысандарын да аралады. Университет өкілдері кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерімен танысып, оның базасын бірлескен ғылыми әзірлемелерді сынақтан өткізу және тәжірибеде қолдану үшін пайдалану перспективаларын талқылады.
Сапар қорытындысы бойынша NU мен Kozybayev University ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыруды, академиялық ұтқырлықты дамытуды, кадр даярлауды, технологиялар трансферін және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды көздейді. Келесі кезеңде нақты жобалар іріктеліп, бірлескен зерттеу топтары құрылады.
Фото Kozybayev University баспасөз қызметі ұсынған

















