Nazarbayev University мен Zhejiang University медицина саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Nazarbayev University (NU) мен Қытайдағы жетекші ғылыми-зерттеу бағытындағы медициналық оқу орындарының бірі – Zhejiang University медицина мектебі (ZJU-ISM) медициналық білім беру, ғылыми зерттеулер және академиялық алмасу салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісімге 28 шілде күні NU-дың Сенат залында өткен салтанатты рәсім барысында профессор Xiaoxiao Lou, International School of Medicine of Zhejiang University деканының орынбасары, және профессор Huck Hui Ng, NU вице-президенті әрі Медицина мектебінің деканы қол қойды. Бұл екі жоғары оқу орны арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың берік негізін қалады. 

Меморандум бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық алмасуын кеңейтуге, білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ медициналық білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіндегі инновациялық тәсілдерді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар тараптар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асырып, биомедициналық зерттеулердің дамуына және денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуды көздейді.

Салтанатты рәсімді ашқан NU президенті Вакар Ахмад ғылыми зерттеулер мен медициналық білім беруді дамытудағы халықаралық серіктестіктің маңызын атап өтті: 

«Бұл серіктестік NU-дің әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен берік халықаралық байланыстар орнатуға деген ұмтылысын көрсетеді. Медициналық білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы тәжірибемізді біріктіру арқылы біз ғылыми жаңалықтарға, инновацияларға және денсаулық сақтау саласының болашақ көшбасшыларын даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашамыз. Біз Zhejiang University-мен жаһандық денсаулық сақтау саласындағы ортақ сын-қатерлерді еңсеру және Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытында тығыз жұмыс істеуге ниеттіміз».

Меморандумға қол қою NU мен Zhejiang University ғалымдары арасындағы қалыптасқан ынтымақтастықтың заңды жалғасы болды. Бірлескен зерттеулердің нәтижесінде Q1 санатындағы ғылыми журналда мақала жарияланып, қазіргі уақытта бірнеше ғылыми қолжазба жариялануға дайындалуда. Зерттеулер әйелдер денсаулығы, репродуктивті медицина, ана мен ұрық денсаулығы, трансляциялық медицина, онкологиялық аурулардың иммундық терапиясы және биосенсорлық технологиялар сияқты бағыттарды қамтиды.

Zhejiang University медицина мектебі – Zhejiang University мен Иу қаласының халық үкіметі арасындағы стратегиялық әріптестік аясында құрылған ғылыми-зерттеу бағытындағы медициналық оқу орны. Чжэцзян провинциясының Иу қаласында орналасқан мектеп Zhejiang University-дің медициналық білім беру мен клиникалық даярлау саласындағы көпжылдық тәжірибесіне сүйенеді. Мұнда бакалавриат және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, репродуктивті денсаулық, онкология, регенеративті медицина және қартаю үдерістері, метаболизм, ми денсаулығы мен геномика бағыттарында озық ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Меморандум Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды қадам болып табылады. Ол екі университеттің ғалымдарына, оқытушыларына, дәрігерлері мен студенттеріне жаңа мүмкіндіктер ашады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53