University of Arizona президенті доктор Суреш Гаримелла (Dr. Suresh Garimella) Nazarbayev University-ге (NU) ресми сапармен келді. Делегация құрамында АҚШ университетінің басшылығы мен халықаралық бағдарламаларға жауапты өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері болды.
University of Arizona Қазақстанмен жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. 2022 жылы университет Петропавл қаласындағы Kozybayev University базасында Орталық Азиядағы алғашқы шағын кампусын ашып, бірнеше бағыт бойынша қос диплом бағдарламаларын іске қосты.
Сапар барысында қонақтарға NU-дың ғылыми инфрақұрылымы мен жетекші зертханалары таныстырылды. Сондай-ақ екі университет арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде PhD деңгейіндегі қос дипломдық бағдарламаларды іске қосу мәселелері талқыланды. Өзара қызығушылық тудыратын бағыттардың қатарында жасанды интеллект, медицина, инженерия, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану, тау-кен ісі және бірлескен ғылыми жоба бар.
Доктор Суреш Гаримелла Nazarbayev University-дің ғылыми әлеуетіне жоғары баға беріп, Қазақстанмен ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға мүдделі екенін айтты.
«Сіздер — Қазақстанның жетекші зерттеу университетісіздер. Біз мазмұнды әрі ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға ұмтыламыз, ал Қазақстан – осындай ынтымақтастықты дамытқымыз келетін елдердің бірі. Бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру үшін зор мүмкіндік көріп отырмыз», – деді доктор Суреш Гаримелла.
Сапар барысында қонақтар халықаралық ISO 5–6 стандартына сәйкес келетін таза бөлмелермен жабдықталған Nanofabrication Facility микро- және нанотехнологиялар орталығына барды. Орталықта ғалымдар микро- және наноқұрылымды материалдарды әзірлеу мен зерттеудің толық циклін жүргізе алады. Мұнда фотолитография, жұқа қабықшаларды тұндыру, өңдеу және жоғары дәлдіктегі талдау жұмыстары жүргізіледі. Орталықтың инфрақұрылымы жаңа материалдарды, сенсорларды, микроэлектроника элементтерін және басқа да жоғары технологиялық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
Делегация сондай-ақ Human Microbiome Laboratory зертханасының жұмысымен танысты. Мұнда ғалымдар Қазақстандағы адам микробиомын кешенді зерттеу бағытындағы алғашқы ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Зертхана ел халқының метагеномын зерттеумен, функционалды тағам өнімдері мен микрофлораны түзетуге арналған дәрілік құралдарды әзірлеумен, биологиялық үлгілер банкін қалыптастырумен және заманауи биомедициналық технологияларды денсаулық сақтау мен өндіріске енгізумен айналысады.
University of Arizona – АҚШ-тағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Университеттің жыл сайынғы ғылыми зерттеулер портфелі шамамен $1 млрд құрайды. Бүгінде мұнда 75 мыңнан астам студент білім алады. Университет ғарыштық зерттеулер, оптикалық ғылымдар, медицина, жасанды интеллект, су ресурстары және тұрақты тау-кен ісі салаларындағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі саналады.



















