Nazarbayev University Азияның жетекші университеттері бас қосқан алаңға айналды

Жоғары оқу орындары технологиялық өзгерістердің жеделдеуі, еңбек нарығы талаптарының трансформациясы және қоғам талаптарының өсуі жағдайында жаңа даму модельдерін іздеп жатыр. Осы орайда Азия елдерінің академиялық көшбасшылары Астанада өткен Asian Universities Alliance (AUA) Presidents Forum 2026 шарасында бас қосты.

Форумға Азия және өзге де өңірлердегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Олардың қатарында Tsinghua University, The Hong Kong University of Science and Technology, Nazarbayev University, United Arab Emirates University, Chulalongkorn University, The University of Tokyo, Vietnam National University және Seoul National University бар.

Бастапқыда Біріккен Араб Әмірліктерінде жоспарланған саммит өңірдегі тұрақсыздыққа байланысты Астанаға ауыстырылды. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық деңгейдегі рөлінің күшейгенін және Nazarbayev University-дің өңірдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі ретіндегі беделін айқындап отыр.

Форум қатысушыларын құттықтаған Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздің болашаққа бағдарланған жоғары білім жүйесін жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. 

«Қазақстан үшін жоғары білім мен ғылымды дамыту – ұлттық орнықтылық пен экономикалық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі мәселесі. Біз болашақ университеттері жасанды интеллектіні тек оқытумен шектелмеуі керек деп санаймыз – олардың қызметі осы технологияларға негізделуі тиіс. ЖИ жабдықталған университет үлгісі бүгінде Қазақстанда нақты жүзеге асып келеді. Төрт ұлттық университетті біріктіретін үлестірілген академиялық кластер Nazarbayev University экожүйесіне сүйене отырып дамуда», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.

Сонымен қатар, министр Қазақстанның Азия университеттерімен ынтымақтастықты кеңейтуге және болашақтың ортақ қиындықтарын бірлесіп еңсеруге ашық екенін де ерекше атап өтті.

Форум жоғары оқу орындарының президенттері, провосттары мен аға басшыларын біріктіріп, онда университеттердің күрделі әрі жылдам өзгеріп жатқан әлемде қалайша тұрақты, инновациялық және өзекті болып қалу керектігін талқылауға арналды. Бағдарлама аясында AUA-ның қаржылық тұрақтылығы мен үш жылдық стратегиялық жоспарын әзірлеуге арналған жұмыс сессиялары өтті. Қатысушылар альянстың осы уақытқа дейінгі жетістіктерін, болашақ бастамалардың мерзімдерін және келесі кезеңдегі ынтымақтастықтың стратегиялық басымдықтарын қарастырды. Саммит барысында Альянс төрағалығы United Arab Emirates University-ден Chulalongkorn University-ге өтті.

«Болашақтың университеттерін қалыптастыру: индустриямен ықпалдастық және басқару инновациялары» тақырыбымен өткен форум бүгінгі жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған екі негізгі мәселеге арналды: институционалдық икемділікті қамтамасыз ету үшін басқару модельдері қалай өзгеруі тиіс және университеттер мен индустрия арасындағы әріптестікті күшейту студенттерді болашаққа қалай тиімді дайындай алады.

«Бүгінде әлемдегі ең қарқынды дамып жатқан әрі халықаралық деңгейде ықпалып бар зерттеу университеттерінің бірқатары Азияда орналасқан. Asian Universities Alliance құрамына Tsinghua University, Peking University, University of Tokyo, Seoul National University және Hong Kong University of Science and Technology секілді ірі университеттермен қатар, Indian Institute of Technology Bombay және Nazarbayev University сияқты ықшам әрі жоғары маманданған білім және ғылым орталықтары кіреді. Бізді біріктіретін негізгі құндылық – зерттеу мен білім беру арқылы жаһандық мәселелерді бірлесіп шешуге деген ұмтылыс», – деді NU президенті профессор Вакар Ахмад.

Форум аясында екі тақырыптық сессия ұйымдастырылды. Алғашқысы – «Болашақтың университеттерін басқару модельдері» атты сессияда цифрлық трансформация, қаржылық қысым және стейкхолдерлердің жаңа талаптары жағдайында университеттердің басқару және шешім қабылдау құрылымдарын қалай қайта қалыптастырып жатқаны талқыланды. Пікірталастар институционалдық икемділікке, академиялық автономияға, басқарудағы инновацияларға және болашаққа бейімделген университеттердің көшбасшылық модельдеріне арналды.

Екінші сессия – «Университеттегі білім берудегі индустрияның рөлі: тәжірибе мен сын-қатерлер» тақырыбында өтті. Қатысушылар университеттер мен индустрия арасындағы әріптестіктің оқыту сапасын арттыруға, тәжірибеге негізделген білім беруді дамытуға және академиялық бағдарламаларды еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіруге қалай ықпал ететінін талқылады. Сондай-ақ академиялық адалдық пен ұзақмерзімді тұрақтылық мәселелері де көтерілді.

Форум соңында Asian Universities Alliance мүшелері арасындағы ынтымақтастық нығайып, тәжірибелік маңызы бар бірқатар ұсыныс қалыптасты. Кеңірек алғанда, кездесу университеттердің өздерінің негізгі академиялық миссиясын сақтай отырып, өзгермелі әлемге бейімделу жолдары жөніндегі халықаралық диалогтың маңызды бөлігіне айналды.

Asian Universities Alliance туралы: Asian Universities Alliance 2017 жылы Бейжіңдегі Tsinghua University базасында құрылып, Азияның жетекші 15 университетін біріктірді. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде 401–500 аралығында орналасқан әрі Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі үздік университет ретінде танылған Nazarbayev University — альянстың негізін қалаушы мүшелерінің бірі.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53