Nazarbayev University-де Байытушылар форумы–2026 өтті

20–21 мамыр күндері Nazarbayev University-де тау-кен металлургия саласындағы KAZ Minerals компаниясының ұйымдастыруымен Байытушылар форумы–2026 өтті. Университет өндіріс, ғылым және білім беру салалары өкілдері арасындағы кәсіби диалогқа жағдай жасап, іс-шараның негізгі алаңына айналды.

Форумға KAZ Minerals тобына қарасты байыту фабрикаларының технологтары мен мамандары, минералогтар, геологтар, зерттеушілер, Қазақстан және ТМД елдеріндегі өндірістік кәсіпорындар, ғылыми ұйымдар мен университеттердің өкілдері, сондай-ақ технологиялар, жабдықтар, аналитикалық шешімдер және реагенттер жеткізушілері қатысты. Жалпы қатысушылар саны шамамен 100 адамды құрады.

Форум аясында мыс кендерін минералогиялық талдау, минералдық құрамның мыс пен молибденді флотациялау процестеріне әсері, кендердің технологиялық қасиеттерін зерттеу, байытуға арналған шикізат базасын қалыптастыру, сондай-ақ өндірістік процестерде жасанды интеллект модельдерін қолдану мәселелері талқыланды. Қатысушылар ұсынылған шешімдердің практикалық маңыздылығына ерекше назар аударды.

Nazarbayev University өкілдері форумның ашылу рәсіміне қатысып, университеттің ғылыми жобаларын таныстырды, сондай-ақ зертханаларға экскурсия ұйымдастырды. Мұндай формат қатысушыларға NU-дың ғылыми инфрақұрылымымен жақынырақ танысуға және бірлескен зерттеулер, мамандар даярлау, тәжірибе алмасу мен тау-кен металлургия саласына арналған қолданбалы жобаларды дамыту бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.

Форум аясында жас әрі білікті мамандарды тартуға бағытталған HR-бастама да жүзеге асырылды. KAZ Minerals компаниясының рекрутинг тобы компаниядағы мансаптық мүмкіндіктерді таныстырып, болашақ кандидаттарға консультациялар өткізді және форум алаңын кадрлық резерв қалыптастыру үшін пайдаланды.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53