Nazarbayev University университетінің 14 оқытушысы Advance HE ұйымының кәсіби мойындауына ие болды. Бұл – жоғары білім беру саласында оқыту сапасын арттыру және академиялық көшбасшылықты дамыту бағытында жұмыс істейтін Ұлыбританиядағы ұйым.
Senior Fellow (SFHEA) мәртебесі кәсіби даму және оқыту жөніндегі сарапшы Аида Нурановаға және Медицина мектебінің қауымдастырылған профессоры Саед Абидиге (Syed Hani Abidi) берілді.
Жоғары білім берудегі халықаралық оқыту стандарттарына сәйкестікті білдіретін Fellow (FHEA) мәртебесін университеттің тағы 12 оқытушысы алды. Олардың қатарында Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің нұсқаушылары Эдита Дэнст-Гарсия, Жанбота Мырзақұл, Диана Көпбаева, Бахтияр Нахдипур (Bakhtiar Naghdipour) және Артур Фернандез Белидо; Жоғары білім беру мектебінің ассистент-профессорлары Алпер Чаликоглы (Alper Calikoglu), Оливер Мутанга (Oliver Mutanga) және постдокторант Асель Шаримова; Дайындық мектебінің аға оқытушысы Майкл Джонсон (Michael Johnson); Медицина мектебінің практика бойынша ассистент-профессоры Қуаныш Ерғалиев пен осы мектептің нұсқаушысы Ляззат Төлеубекова, сондай-ақ Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Асма Первин (Asma Perveen) бар.
Ұлыбританияның жоғары білім беру жүйесінде Fellow (FHEA) және Senior Fellow (SFHEA) мәртебелері – оқытушылық шеберліктің кәсіби деңгейін танытатын халықаралық мойындау. Бұл атақтар тиімді оқыту тәжірибесін көрсетіп, білім беру бағдарламалары мен академиялық қауымдастықтың дамуына үлес қосқан мамандарға беріледі.
Бұл мәртебелердің берілуі Nazarbayev University оқытушыларының халықаралық деңгейде мойындалып келе жатқанын және университеттің білім беру сапасы мен академиялық дамудың жоғары стандарттарына берік ұстанымын көрсетеді.






