Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертке Назарбаев Университетінің қауымдастығы — басшылары, профессорлық ұжым өкілдері, қызметкерлер мен студенттері жиналды. Назарбаев Университетінің Атқарушы вице-президенті Аслан Сәрінжіпов құттықтау сөз барысында бүкіл NU қауымдастығын және қазақстандықтарды осы айтулы оқиғамен құттықтады.
«32 жыл бұрын Қазақстан еркіндіктің, өркендеу мен дамудың символы – тәуелсіздігін алды. Осы оқиғаның арқасында жастарымыз дамуға және үздік университеттерде, соның ішінде біздің университетте, білім алуға мүмкіндік алды. Мемлекетіміздің одан әрі табысты дамуы – біздің әрқайсымыздың, болашақ ұрпақтың алдында тұрған басты міндет. Оны орындау үшін еліміздің бұдан да табысты әрі өркендеуі үшін аянбай еңбек етуіміз кажет», – деді Аслан Сәрінжіпов.
NU-дың Студенттік істер жөніндегі вице-президенті Қадиша Даирова жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтап, өзінің жалынды сөзінде «ата-баба аңсаған арманның орындалуы» болып саналатын тәуелсіздіктің бағасы мен Қазақстан тарихындағы басты белестері туралы айтты. Сонымен қатар NU қауымдастығы алдында Халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Дархан Біләлов сөз сөйледі.
«Баршаңызды шын жүректен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтыймын. Освы 32 жыл ішінде біздің мемлекет қаншама белестерден өтті, қаншама жетістіктерге жетті. Біздің университет 13 жылдың ішінде 100 жылдық тарихы бар университеттердің жетістіктеріне жетті. Қаншама ғылыми еңбектер жарияланып, ғылыми жобалар жүзеке асты, қаншама біздің керемет түліктер университеттімізді бітіріп еліміздің түпкір түпкіріне барып, аулдарда, қалаларда, жоғары лауазымдарда еңбектер атқарып жатыр. Біз сіздерге, жастарға сенеміз!» – деп Дархан Біләлов жастарға үндеу жасап, қауымдастықты құттықтады.
Салтанатты шара «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік концертпен жалғасты. Жақсы танымал NU студенттер оркестрі Құрманғазының «Адай» және «Ерке сылқым» шығармаларын орындаса, студент Ернар Жалғас Қадыр Мырзалидың «Қазақ осы» термеcін тартты. Қазақ тілі және түркітану департаментінің профессоры Жанар Әбдіғаппарова көрермендерге Қапез Байғабылұлының «Дүние» әнін тарту етті. Қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған «Kazakh Stage» театр клубының 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихын жаңғыртқан тақырыптық монологы болды. Сондай-ақ концертте Назарбаев Университетінің 1-2 курс студенттерінің орындауындағы әндер де шырқалды.







