Орталық Азияда экономикалық зерттеулерді ілгерілететін жаңа қауымдастық іске қосылды

Nazarbayev University, New Uzbekistan University (Ташкент) және American University of Central Asia (Бішкек) өңірдегі экономикалық ғылымдардың танымалдығын арттырып, оның нақты ықпалын күшейту мақсатында ортақ платформа құру туралы келісімге келді. Осы бастама аясында Орталық Азия экономикалық қауымдастығы (Central Asian Economic Association, CAEA) құрылды.

Қауымдастық Орталық Азияда және одан тыс өңірлерде еңбек ететін барлық экономист-ғалымдарына арналған. Ұйымның алдағы дамуы мен кеңею бағыттары оның мүшелерінің белсенді қатысуымен айқындалады. CAEA академиялық орта, жеке сектор мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, экономика мен мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ашық диалог орнатуға бағытталған.

Чикаго университетінің Харрис мемлекеттік саясат мектебіндегі байлық теңсіздігі мен әлеуметтік мобильділік мәселелерін зерттейтін Stone Center орталығының директоры, Фрэнк П. Хиксон атындағы құрметті профессор Стивен Н. Дюрлауф: «Орталық Азия экономикалық қауымдастығының құрылуы – жаһандық экономикалық ғылым үшін маңызды жаңалық. Бұл ұйым жеткілікті деңгейде зерттелмеген, бірақ айрықша маңызы бар өңірдегі зерттеулердің дамуына серпін беріп, оның қатысушылары төңірегінде мықты академиялық қауымдастық қалыптастыруға ықпал етеді», – деп атап өтті.

Азия даму банкінің Орталық және Батыс Азия өңірлік департаментінің (CWRD) өңірлік ынтымақтастық пен интеграция мәселелері жөніндегі жетекшісі  доктор Лязиза Сабирова: «Қауымдастық Орталық Азияға кең әрі тұтас көзқарас тұрғысынан қарауда өңірде қалыптасқан олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Азия даму банкі CAEA-ның жаһандық, өңірлік және ұлттық деңгейдегі пәнаралық зерттеушілер мен сарапшылар желілеріне терең ықпалдасқан, ашық әрі кәсіби серіктестік ретіндегі көзқарасын толық қолдайды», – деді.

CAEA экономистер мен мүдделі тараптар арасындағы кәсіби диалогты дамыту үшін конференциялар, семинарлар мен воркшоптар өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар қауымдастық Орталық Азиядағы экономикалық зерттеулердің географиясы мен ықпалын кеңейту мақсатында халықаралық ғалымдар мен ғылыми институттармен әріптестікті дамытпақ. Қауымдастық қызметін үйлестіретін хатшылық мүше университеттер арасында ротациялық негізде жұмыс істейді, оның алғашқы базасы — Nazarbayev University.

Инклюзивтілік, ашықтық және ғылыми этика қағидаттарын басшылыққа ала отырып, CAEA өңірдегі экономикалық білім мен академиялық зерттеулердің сапасын арттыруды көздейді. Қауымдастық өңірлік және халықаралық деңгейде ынтымақтастық орнатуға, идея алмасуға және экономистер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға арналған алаңға айналып, тиімді экономикалық саясат пен инновациялық шешімдердің қалыптасуына үлес қоспақ.

Құрылтайшы университеттер туралы

Nazarbayev University (NU). Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингі бойынша әлемде 401+ диапазонында орналасқан, Орталық Азия мен Кавказда – бірінші, ТМД елдері арасында – төртінші орында. Университет студенттерді меритократиялық қағидаттармен қабылдап, оқу мен зерттеуді алғашқы курстан бастап профессорлардың жетекшілігімен ұштастырады. NU кең ауқымды білім беру бағдарламаларын ұсынып, ғылыми зерттеулерге басымдық береді және заманауи, дамыған инфрақұрылымы бар кампусқа ие.

New Uzbekistan University (NewUU). Өзбекстандағы алғашқы кешенді зерттеу университеті. Университет білім беру мен алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеулерді үйлестіреді. NewUU базасында Орталық Азиядағы үдерістерді зерттеуге бағытталған «Үлкен Еуразия» (GEAR) зерттеу орталығы жұмыс істейді. Университет пәнаралық зерттеулерге және академиялық жетістікке мән беріп, өңірдің тарихи, қазіргі және болашақтағы экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және саяси даму қырларын талдайды.

American University of Central Asia (AUCA). Америкалық либералдық білім беру дәстүріне негізделген халықаралық, пәнаралық академиялық қауымдастық. 1993 жылы құрылған AUCA АҚШ-та аккредиттелген гуманитарлық бағыттағы бакалавриат бағдарламаларын ұсынған Орталық Азиядағы алғашқы университет болды. Bard College (АҚШ) серіктестігі арқылы жүзеге асатын бұл бағдарламалар өңірдің демократиялық дамуына үлес қоса алатын болашақ көшбасшыларды даярлауға бағытталған.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53