Оңтүстік астанада Nazarbayev University ұйымдастырған NU Day — Ашық есік күні өтті. Шараға келген алматылық талапкерлердің саны 800-ден асты. Олар Орталық Азиядағы жетекші университеттің қабылдау талаптары мен білім беру мүмкіндіктері туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік алды.
Қонақтар университетке түсу ережелері мен оқу бағдарламалары туралы жаңартылған ақпаратпен танысты. Әлемнің беделді Times Higher Education рейтингінің деректеріне сәйкес, Nazarbayev University дүниежүзіндегі ең үздік жоғары оқу орындарының 23%-ына кіреді және 401+ қатарында орналасқан. Бұл — университеттің білім сапасы мен халықаралық деңгейде мойындалғанының дәлелі.
Күн бойы қазақстандық және шетелдік профессорлар дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізді. Қатысушыларға гранттық мүмкіндіктермен қатар, жеңілдетілген шарттармен қабылданатын стандартты конкурс түрлері де таныстырылды. Талапкерлерді ерекше қызықтырған бағыттардың бірі — NU жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) жүзеге асыратын жазғы зерттеу бағдарламалары болды. Мұнда студенттер нақты ғылыми жобаларға қатысып, зерттеу тәжірибесін жинақтай алады.
Шараның ең әсерлі бөліктерінің бірі — Қазақстандағы алғашқы бірмүйізді стартаптың (unicorn) пайда болуына арналған сессия болды. Higgsfield компаниясының негізін қалағандардың өзегін NU-дің талантты түлектері құрайды. Талапкерлер студенттер мен түлектер үшін ашылатын мансаптық мүмкіндіктер және университеттің стартап экожүйесін дамытудағы рөлі туралы білді.
Ақпараттық кездесулерден бөлек, қатысушылардың көңілін көтерген квиздер мен интерактивті ойындар да ұйымдастырылды. Осылайша NU Day in Almaty 2025 көптеген оқушылар үшін болашақ мамандықты саналы таңдауға және әлемдік деңгейдегі университетпен жақынырақ танысуға жол ашты.
Айта кетейік, 2025 жылдың қазанында жарияланған Times Higher Education (THE) World University Rankings 2026 нәтижесінде NU 401–500 үздік университеттің қатарына кіріп, Орталық Азия мен Кавказ бойынша 1-орын, ТМД университеттері арасында 4-орын алған еді.













