Ғылыми диаспора және Қазақстанның дамуы: бұл тақырып NU-де талқыланды

Шетелдің 12 елінде еңбек етіп жүрген 40-тан астам қазақ ғалым және жүзге жуық отандық сарапшы NU-да өткен «Отандас ғылымдар форумы» шарасына қатысты. Форумды «Отандастар» қоры ұйымдастырды. Бұл форумның мақсаты — шетелде беделге ие болған қазақстандық ғалымдардың елдің ғылыми-инновациялық дамуына араласуын күшейту және Қазақстанның өсіп келе жатқан зияткерлік әлеуеті бар мемлекет ретіндегі халықаралық беделін нығайту.

«Отандастар» қорының президенті Данияр Қадыровтың айтуынша, қор екі жыл бойы жүргізіп келе жатқан зерттеулер Германия, АҚШ, Канада, Дания, Норвегия, Швеция, Малайзия және Сингапур сияқты елдерде жұмыс істеп жүрген қазақтарды елдің дамуына тартудың тиімді тетіктерін анықтауға мүмкіндік берген.

«Біз бизнес ашуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға немесе кәсіби тәжірибесін бөлісуге дайын азаматтардың жоғары қызығушылығын байқап отырмыз», — деді ол.

Форумның ашылуында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров, Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов және NU президенті, профессор Вакар Ахмад сөз сөйледі.

«Университет қазақстандық тегі бар ғалымдарды тарту бағытында ауқымды жұмыс атқаруда. Қазір профессор-оқытушылар құрамының шамамен 30 пайызы — қазақстандықтар. Бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз», — деді  NU президенті Вакар Ахмад.

NU президенті сондай-ақ университет бірлескен жобалар, серіктестіктер және «100 ғалым» бастамасы мен Qazaq International Science and Technology Association сияқты бағдарламалар арқылы халықаралық ғылыми байланыстарды жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. 13 жыл ішінде университет Қазақстанға 100-ден астам жетекші шетелдік ғалымды тартқан. Олардың қатарында Дос Сарбасов, Нұршат Нұражи, Сураған Дұрвудхан, Анарa Сандығұлова, Зауреш Атаханова және басқалар бар.

«Осы жиында қазіргі таңда Оксфорд университетінде жұмыс істеп жүрген жас ғалыммен таныстым. Ол келесі айдан бастап біздің ғылыми ұжымға аға ғылыми қызметкер ретінде қосылмақ (Нұрсултан Мұсаханұлы туралы — ред.). Біз өз үлесімізді қосып келеміз, және университетіміздің есігі әркез ашық: бірлескен зерттеу, оқыту, тәлімгерлік және инновация үшін дайынбыз», — деді профессор Ахмад.

NU басшысы университеттің инфрақұрылымы өзге қазақстандық жоғары оқу орындарының зерттеушілеріне де кеңінен қолжетімді екенін атап өтті. Биылдың өзінде NU кампусында әлемнің түкпір-түкпірінен келген 3000 жуық жетекші ғалым жиырма ірі конференцияға қатысқан. Бұл кездесулер ғылыми пікір алмасатын маңызды алаңға айналды.

«Отандас ғылымдар форумы» барысында қатысушылар жасанды интеллект, медицина, жасыл энергетика, кванттық технологиялар саласындағы зерттеулерін таныстырып, жаңа ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Форум ұсыныстары мен пікірлері арнайы жинаққа енгізілетін болады.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53