Әлемнің ең үздік зерттеушілері қатарында NU ғалымдарының үлесі көбейді

Әлемнің ең үздік зерттеушілері қатарында NU ғалымдарының үлесі көбейді.

Әлемнің ең көп дәйексөз келтірілетін 2% ғалымының жыл сайынғы жаһандық рейтингінде Nazarbayev University атынан енген зерттеушілер саны 42-ге жетті. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артық көрсеткіш.

Рейтинг Scopus деректер базасындағы библиометриялық мәліметтерге негізделген және әлемнің 100 мыңнан астам жетекші ғалымын қамтиды. Зерттеуді Стэнфорд университетінің профессоры John Ioannidis жетекшілік ететін топ жүргізеді. Бағалау кезінде 22 ғылыми бағыт пен 174 қосалқы санат бойынша Science-Metrix әдістемесіне сүйене отырып, дәйексөз саны, h-индекс, бірлескен авторлықты ескеретін hm-индекс, сондай-ақ кешенді c-score көрсеткіші есепке алынады.

Соңғы бес жылда бұл тізімге енген қазақстандық ғалымдардың саны едәуір артты, олардың жартысынан астамы бүгінде NU профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері болып табылады.

Зерттеу екі тізімді қамтиды: бірі — ғалымдардың бүкіл еңбек жолындағы деректер (2024 жылдың соңына дейін), екіншісі — тек 2024 жылғы дәйексөз көрсеткіштерін қамтитын тізім.

Сондай-ақ, NU ғалымдары жариялаған мақалалардың жалпы саны 10 640-тан асты. Бұл — Қазақстан жоғары оқу орындары мен ғылыми институттарында жарық көрген барлық ғылыми еңбектердің шамамен алтыдан бірі.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53