NU-да мемлекеттік органдардың тиімділігі мен ашықтығын бағалаудың жаңа моделі талқыланды

9 қыркүйекте Nazarbayev University қабырғасында «Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалаудың жаңа моделі және Ашықтық индексі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны Ұлттық талдау орталығы (NAC) ұйымдастырды.

Талқылауға Президент Әкімшілігінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Nazarbayev University-дің, Экономикалық зерттеулер институтының, NAC-тың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Юлия Энгель құттықтау сөзінде: «Біз мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау жүйесін трансформациялау кезеңінде тұрмыз. Бағалау өзі үшін емес, мемлекеттік аппараттың жұмысын жетілдіруге және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы тиіс», — деп атап өтті.

NU Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің PhD-студенті Сабина Сәдиева тиімділікті бағалау нәтижелерін Парламентте талқылау бастамасын қолдады. Оның айтуынша, бұл қадам әдістемені жетілдіруге және мемлекеттік органдардың есептілігін нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ ол жазалаушы тәсілден ынталандырушы тетіктерге көшу қажеттігін, бұл өз кезегінде тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.

NAC-тың Мінез-құлықтық мемлекеттік саясат орталығының директоры Салтанат Жәненова бағалау нәтижелерін ашық жариялау қажеттігін қолдады: «Бұл ғалымдарға, сарапшыларға және студенттерге мемлекеттік органдар көрсеткіштерінің бірнеше жылдық динамикасын талдауға және зерттеулерде қолдануға мүмкіндік береді», — деді ол.

Дөңгелек үстел аясында мемлекеттік органдарды бағалаудың жаңа әдістемесі негізінде әзірленген Ашықтық индексі таныстырылды. Ол бес негізгі критерийге сүйенеді: орындаушылық тәртіп; өтініштер мен шағымдарды қарау сапасы; жеке қабылдауларды ұйымдастыру; халықпен кері байланыс; ашық деректер.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53