Қола мен Алтын адам тоғысы: Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени диалог мерекесі
Nazarbayev University жанында Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуды тереңдетуге арналған «Қола мен Алтын адам тоғысы» атты мәдени шара өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қытай өркениетінің символы ретінде – қола, ал Қазақстан тарапынан – Алтын адамның бейнесі ұсынылды. Бұл екі бейненің үндестігі өзара құрмет пен диалог, мәдени байыту идеясын бейнелейді және Ұлы Жібек жолы рухындағы жаңа ынтымақтастық кезеңінің бастауын білдіреді. Шара Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары және Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы аясында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар бұл шараны тарихтың жаңа жалғасы ретінде қарастырады – енді мәдениет, өнер және білім арқылы.
«NU Азия университеттері альянсының мүшесі болуға мақтанады және аймақтағы жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде бізбен тығыз академиялық серіктестікте жұмыс істейтін Цинхуа университетімен белсенді ынтымақтастықта. Бүгінгі мәдени алмасу – тек қола мен алтын секілді екі қуатты символдың кездесуі ғана емес, бұл – халықтар арасындағы, өткен мен болашақ арасындағы, дәстүр мен инновация арасындағы терең диалог», – деді NU вице-президенті Қадиша Даирова өзінің құттықтау сөзінде.
2025 жылдың маусым айының ортасында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Қытай – Орталық Азия» диалогы аясындағы екінші форумға қатысты. Қазақстанға ресми сапары кезінде және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде ол мәдениет, білім, спорт және туризм салаларындағы байланыстар арқылы достық негізін нығайту қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде Президент Тоқаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасын сапалы жүзеге асыру мақсатында мәдени және білім беру байланыстарын кеңейтуді ұсынды.
2013 жылғы 7 маусымда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин NU қабырғасында «Халықтар арасындағы достықты нығайту – жарқын болашақты бірге құру» атты маңызды сөз сөйлеп, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен дамудың кең мүмкіндіктерін ашты.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігінің басшылығы, Қытай мен Қазақстан өкілдері, академиялық қауымдастық пен БАҚ қатысты.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform










