Назарбаев Университетінде «Jana Qazaqstan» зияткерлік кеңістігінің отырысы өтті. Бұл ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен ашылған клубтың екінші сараптамалық отырысы. Ол Жаңа Қазақстанның күн тәртібі мен республика дамуының стратегиялық бағыттарындағы бастамаларды бірлесіп талқылау алаңының маңыздылығына тоқталды.
Пікір алмасу барысында қатысушылар қазіргі халықаралық қатынастардағы әскери фактордың рөлін талқылады.
Қазақстан-Неміс университетінің профессоры Рустам Бурнашев талқылау барысында қатысушыларға халықаралық қатынастардағы өзгерістер, әскери қақтығыстардың геосаяси және идеологиялық мақсаттары, сондай-ақ соғыс кезеңіндегі экономика туралы баяндады. Әскери талдаушы Ермек Сейітбатталов соғыс қимылдарының халықаралық тарихи аспектілеріне, сондай-ақ БҰҰ мен басқа да ұйымдардың қызметіне шолу жасады. Пікірсайысқа әскери талдаушы Агил Рустамзаде және М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЗУ аға оқытушысы, Бристоль университетінің халықаралық қауіпсіздік саласындағы ғылым магистрі Эмин Джаббаров та қатысты.
Жоспарланған екі сағаттың орнына үш сағатқа созылған кездесу студенттер мен ұстаздар қауымын тақырыптың өзектілігімен баурап алды. Көптеген мағыналы сұрақтар қойылды.
«Jana Qazaqstan» жобасы аясында Назарбаев Университетінде қазақстандық және шетелдік көрнекті зиялы қауым өкілдерімен қонақтық кездесулер, отандық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды талқылау жоспарланған.







