Осыдан 10 жыл бұрын даланың нақ ортасында әлемдік деңгейдегі университет құру идеясы мүмкін емес болып көрінген, бірақ қазір ол шындыққа айналып отыр. Құрылған сәтінен бастап Назарбаев Университеті (НУ) еліміздің көптеген университеттеріне академиялық еркіндікке, қажырлы еңбек пен жетістікке, сондай-ақ академиялық адалдыққа негізделген өз табыстылығының моделін көрсете отырып, білім беру саласындағы реформаларды басқарды. The Astana Times үшін берген сұхбатында НУ Президенті Шигео Катсу университеттің осы жылдардағы жетістіктері, Қазақстандағы реформалар және осы үдерістегі жастардың рөлі туралы айтып берді.
Назарбаев Университеті 2010 жылы студенттерге есігін ашты. 2011 жылғы НУ мәртебесі туралы заң оған академиялық еркіндік, академиялық адалдық және ашықтық сияқты құндылықтарды алға тарту үшін толық дербестік берді. Университет 6 мыңға жуық түлек шығарды, осы жылы (маусым айында) тағы 1 600 түлек оқуын аяқтайды деп күтілуде.
Алайда сәттілік бірден келген жоқ. Катсу мырзаның айтуынша, Университет басында үлкен күмәншілдікке тап болды.
«Менің ойымша, ешкім ешқашан университеттің басқа түрін құру мүмкін деп ойламаған. Сондықтан, мен қағазға жазғанның бәрі қазір шындыққа айналғанын көрсете алғанымыз — алғашқы жетістігіміз деп ойлаймын. Университет меритократия қағидатын ұстанады, оған сәйкес біз басты кіреберістен кіретін әрбір адам қабылдаудың барлық талаптарына сай келуі тиіс деп толық сеніммен айта аламыз. Ешқандай «үстелдің астынан» пара беру немесе сыбайластықпен қабылдау болған жоқ», — деді құрылғаннан бері университетті басқарып отырған Шигео Катсу.
Ол академиялық адалдық пен ашықтыққа деген бейілділік университеттің болашақ көшбасшыларды даярлау жөніндегі алғашқы миссиясынан туындайтынын, сонымен қатар оның әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті болуға деген ұмтылысына негізделгенін түсіндірді.
Идеядан бастап, оның іске асуына дейін университет үшін негізгі басымдық – зерттеулерді арттыру. Әзірше, бұл үшін уақыт қажет, көптеген елдердің инновациялық жүйелері университеттік зерттеулер негізінде құрылуда, олар кейіннен ел экономикасының тұрақты дамуын қолдау үшін жаңа технологиялар мен өнімдерді жасауға және өнеркәсіптің жаңа салаларын дамытуға әкелетіні анық.
Зерттеуге бағытталған әрбір университет үшін оқу мен зерттеуді біріктіру үдерісі сәттіліктің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып саналады. 2011 жылдан бастап НУ ғалымдары мен студенттері 5 600-ден астам ғылыми мақалалар жариялады, олардың 14,1%-ы НУ халықаралық мәртебесі мен беделін нығайта отырып, ең көп дәйексөз келтірілген әлемдік журналдардың үздік 10-на кірді.
«Білім беру саласында реформа жүргізу біздің мандатымызға айналды. Сондықтан бізден
Қазақстандағы басқа да жоғары білім беру жүйесінің қатысушыларымен барлық тәжірибемізді сәтті және сәтсіз трансляциялау күтілді. Біз мұны басынан бастап, басқа университеттердің басшылығына арналған тренингтер мен курстар өткізу арқылы жасап келеміз», — деді Катсу мырза.
Университет жүйесінің түсініле бастағанынан бері бірнеше жыл өтті. «Менің ойымша, біздің тәжірибемізді тарату және алғашқы біржақты оқыту жуырда ғана әртүрлі салаларда олардың тиісті талаптарына сай келетін кәсіби қоғамдастық құрудың бастамасы болды», — деп атап өтті Катсу мырза.
COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемдегі оқу процестерін бұзды, НУ-ды да айналып кетпеді. Алайда, Катсу мырзаның айтуынша, жалпы университет, Қазақстанның көптеген университеттеріне қарағанда, осы «қатал сынаққа» дайын болды.
«Бұл студенттер үшін қиын кезең болды. (…) Тек осы көктемгі семестрде ғана біз онлайн және офлайн оқытуды қатар жүргізе бастадық. Студенттердің көбісі қайтып оралып, риза болуда. Онлайн курстар алмастыра алмайтын нәрсе – бұл адамдардың қарым-қатынасы, әлеуметтік байланыстарды орнату және пікірлестер қауымдастығын құру. Пандемия кезінде әлеуметтік өзара қарым-қатынас әлсіреді», — дей отырып, ол COVID-19 салдары әлі де көптеген жылдар бойы сезілуі мүмкін екенін атап өтті.
Білім беру саласындағы реформалар туралы айта келе, НУ Президенті олар осы ғасырда басталған, елдегі бала туу деңгейі өсуінің әсері кезінде болып жатқанын атап өтті.
«1990 жылдары өтпелі кезең рецессиясынан бала туу деңгейі төмендеген. Содан кейін, 2000 жылдары бала туу деңгейі мен экономика өсе бастады. Енді міне, 2000 жылдардың ортасында туғандар орта мектепті бітіріп, жұмыс істеуге немесе жоғары білім алуға дайын. Бұл үрдіс көптеген жылдар бойы жалғасады. Ол жоғары білімге зор әсер ететін өздеріңіз білесіздер», — деді Катсу мырза.
Сонымен қатар ол елге көптеген университеттер қажет емес екенін, бірақ оларды жабдықтау үшін жеткілікті ресурстардың болуы маңызды екенін атап өтті. Қазақстанда 120-дан астам жоғары оқу орны бар. Катсу мырзаның пікірінше, Қазақстан сияқты ел үшін 40 университет жеткілікті болар еді.
«Деректердің көрсеткендей, жыл сайын еңбек нарығы қабылдай алатыннан бес есе көп мамандар шығарылады», — деді ол. «Жұмыс берушілерге тәртіптік дағдылар, атап айтқанда уақытты басқару, сұрақ қоя білу, сыни тұрғыдан ойлау және командада жұмыс істеу сияқты «жұмсақ» дағдылар тұрғысынан олардың талаптарына сай келетін түлектерді табу қиынға соғады». Білім беру жүйесі «түбегейлі қайта ойластыруды» қажет етеді, — дей отырып, Катсу мырза кәсіптік-техникалық білім беру (КТБ) мен оқытуға бұрынғысынша тиісті көңіл бөлінбейтінін атап өтті.
Қазақстанның Президенті Қасымжомарт Тоқаев 4 мамырда Назарбаев Университетінің кампусында болып, оның білім беру, ғылыми-зерттеу қызметімен және даму стратегиясымен танысты.
«Ол біздің студенттерге тарататын білім мен зерттеулердегі күш-жігеріміз, зерттеулер мен инновациялардың нәтижелері — бұл жаңа Қазақстан үшін жасалып жатқан нәрселер екенін түсінеді. Мемлекет басшысы барлығымызды одан да өршіл, белсенді болуға шақырады», -деді Катсу мырза.
Ал өзгерістердің жолсерігі болатын жас ұрпақты қолдау елдің жаңа Қазақстанды құру мақсатына жетелейтіні анық.
«Жастар өзгерістердің қозғаушы күші болуы шарт, менің ойымша, олар сондай-ақ ептілік танытып, үлкендердің жетістіктеріне құрметпен қараулары тиіс. Қалыптасқан құрылымдардың жұмыс істеуіне әрдайым себеп бар. Сіздер оларға құрметпен қарап, белгілі бір шеңберде аға буынға түсінікті етіп өзгерістер енгізгендеріңіз жөн. Олармен күресудің қажеті жоқ, өйткені бұл өзгерістерге қажетсіз үйкеліс (қарсыласу) және антиденелер (иммунитет) тудырады», — деді Катсу мырза.
Ол сондай-ақ студенттер мен түлектер арасындағы байланысты қолдау болашақ үшін өте маңызды міндет деп санайды. «Америка Құрама Штаттарында түлектер қауымдастығына тек қаражат жинауда ғана емес, одан да аса мән беріледі. Біз түлектерімізбен өте берік байланыс орнатқымыз келеді. Түлектеріміздің қазіргі студенттерге үлгі болғанын және олар үшін үлгі рөлдік модельдер болғанын қалаймыз», — деді ол.
Түлектердің университетпен өзара байланысы үздіксіз білім беру идеясын ілгерілетуге ықпал етуі тиістігін атап өтіп, Катсу мырза жаңа трендтер мен технологиялары бар, тез өзгеріп отыратын әлем кәсіби дағдыларды үнемі жаңартуды қажет ететінін де айтты.
«Сіздердің мектепте немесе біздің аудиторияларда оқыған нәрселеріңіз бес-он жылдан кейін ескіруі мүмкін. Әсіресе, деректер ғылымы, сондай-ақ инженерия және биомедицина саласындағы үдерістер де тез жүріп жатыр», — дей отырып, ол болашақта түлектердің кездесулері жаңа тұжырымдар мен білімдер туралы ақпарат алып, білімді толықтыратын дәрістерді қамтуы мүмкін екенін атап өтті.
TheAstanaTimes мақаланың аудармасы
Авторы: Әсел Сатыбалдина








