Негізгі ақпарат
Жаңа ойлау жүйесіне қош келдіңіз!
Nazarbayev University (NU) – Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орны, әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университеті ретінде мойындалуға ұмтылатын флагманды университет. Еуразия жүрегінде, Қазақстан астанасы – Астана қаласында орналасқан NU-дің басты ерекшелігі – меритократия қағидаттарына негізделген қабылдау жүйесі, мұнда студенттер алғашқы күннен бастап профессорлардың жетекшілігімен білім алып, ғылыми зерттеулерге қатысады. NU – бұл жай ғана жаңа оқу орны емес, бұл – жаһандану мен технологиялық прогресс дәуірінде түлектерді даярлауға бағытталған университет.
NU-да бакалавриат және магистратура бағдарламаларын ұсынатын сегіз мектеп бар: Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі; Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі; Медицина мектебі; Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебі; Жоғары бизнес мектебі; Жоғары білім беру мектебі; Жоғары мемлекеттік саясат мектебі; Дайындық мектебі.
Назарбаев Университетінің барлық мектептері әлемнің жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары және зертханаларымен стратегиялық әріптестікте жұмыс істейді. Олардың қатарында: Колорадо тау-кен ісі мектебі (АҚШ), Дьюк университеті (АҚШ), Сингапур Ұлттық университеті, Кембридж университеті (Ұлыбритания), Пенсильвания университеті (АҚШ), Питтсбург университетінің медициналық орталығы (АҚШ), Висконсин-Мэдисон университеті (АҚШ).
Nazarbayev University өзінің академиялық озықтығын халықаралық деңгейде дәлелдейтін маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Times Higher Education (THE) World University Rankings 2025 рейтингінің 2024 жылғы 9-шы қазанда жарияланған деректеріне сәйкес, NU әлемнің ең үздік зерттеу университеттерінің 24–29%-ының қатарына енді. Бұл рейтингте 115 елден 2092 жоғары оқу орны бағаланып, NU 501–600 орындар аралығында орналасты. Бұл нәтиже тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия университеттері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
NU өз беделін одан әрі нығайта отырып, алғаш рет THE Young University Rankings 2024 рейтингіне енді. Бұл рейтингте 79 елден 673 университет бағаланып, NU 106-шы орынға ие болды. Сонымен қатар, университет THE Asia University Rankings 2024 рейтингінде де бар, онда NU 739 университет арасында 129-шы орынды иеленді. THE World University Rankings by Subject 2024 рейтингінде NU 22 пән бойынша тізімге енді, бұл университеттің академиялық бағдарламаларының кең ауқымдылығы мен сапасын көрсетеді. Бұған қоса, Shanghai Ranking әзірлеген Global Ranking of Academic Subjects 2023 рейтингінде NU-дің екі бағыты – телекоммуникациялық инженерия және электротехника мен компьютерлік инженерия – үздік пәндер қатарына кірді.
Nazarbayev University құрылуы
2006 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық деңгейде танылатын университет құру идеясын ұсынды. 2009 жылғы 25 қыркүйекте ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Аслан Сәрінжіпов «Астананың жаңа университеті» АҚ президенті болып тағайындалды (қазіргі Nazarbayev University). 2010 жылғы 28 қарашада ол Премьер-Министр кеңсесінің шешімімен Атқарушы кеңестің төрағасы қызметіне бекітілді. Кейінірек, 2011 жылғы 16 маусымда Nazarbayev University ДББҰ Жоғарғы Қамқоршылық Кеңесінің шешімімен Шигео Кацу университет президенті болып тағайындалды.
2010 жылғы 28 маусымда Назарбаев Университетінің ресми ашылу салтанаты өтті. Осы сәттен бастап университет өз қызметін бастады және еліміздің жетекші академиялық мекемесіне айналды. NU – автономия және академиялық еркіндік қағидаттарына негізделген Қазақстандағы алғашқы университет. Университеттің автономиялық мәртебесі 2011 жылғы 19 қаңтарда қабылданған «Nazarbayev University», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен бекітілді.
2015 жылғы 15 маусымда Nazarbayev University алғашқы бітіру рәсімі өтті. Осы тарихи күні 446 студент бакалавриат пен магистратура бағдарламаларын аяқтап, дипломдарын алды.