Nazarbayev University-де (NU) Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған Academic Leadership Institute кәсіби даму бағдарламасы – «Докторанттарға ғылыми жетекшілік ету тәжірибесін жетілдіру» курсы аяқталды. Бағдарламаға еліміздің 23 университетінен 52 өкіл қатысып, ғылыми жетекшілік етудің заманауи тәсілдерін меңгерді және өз жоғары оқу орындарында осы бағыттағы жұмысты жақсарту жоспарларын әзірледі.
Бағдарламаны NU Жоғары білім беру мектебі (NUGSE) ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің бастамасымен әзірледі.
«Бағдарламаның басты мақсаты – ғылыми жетекшілік етудің заманауи мәдениетін қалыптастыру және докторанттардың зерттеу жұмысына даярлықтың барлық кезеңінде қолдау көрсететін университетішілік тетіктерді жетілдіру», – деді бағдарламаның жабылу салтанатында Комитет төрағасы Әділет Тойбаев.
Бағдарламаға университет басшылары, декандар, профессорлар мен оқытушылар, докторантура бағдарламаларының жетекшілері, докторанттардың ғылыми жетекшілері, сондай-ақ министрлік өкілдері қатысты.
NUGSE командасы бағдарламаны әзірлеу жұмысы барысында ғылыми жетекшілік ету тәжірибесін зерттеп, қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен басшылары қатысқан фокус-топтар өткізіп, Болон процесінің ережелерін және Қазақстанда докторанттарға ғылыми жетекшілік ету жүйесінің ерекшеліктерін зерделеді.
«Зерттеу нәтижесінде теориялық білімді тәжірибелік тапсырмалармен ұштастыратын бағдарлама әзірледік. Теориялық бөлім қатысушыларға ғылыми жетекшілік мәселелерінің Болон процесінің басымдықтарымен және докторантура білімін дамытудың өзекті міндеттерімен қалай байланысатынын түсінуге көмектесті. Сонымен қатар оқытуды жобалық тәсілмен ұйымдастырып, үш кезеңге бөлдік», – деді NU Жоғары білім беру мектебінің қауымдастырылған профессоры Джейсон Спаркс.
Бағдарлама 2026 жылғы қазанда басталды. Оқу 80 академиялық сағатқа созылып, өзара байланысты үш кезең мен жеті модульді қамтыды. Қатысушылар аудиториялық сабақтарға қатысып, өз бетінше жұмыс істеді, өз университеттеріндегі ғылыми жетекшілік тәжірибесін зерттеп, оны жетілдіруге арналған нақты шешімдер әзірледі.
Бірінші кезеңде олар докторантура білімін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін, ғылыми жетекшінің міндеттері мен жауапкершілігін, сондай-ақ докторанттардың зерттеу жұмысына қолдау көрсету әдістерін меңгерді. Одан кейін қатысушылар өз университеттеріне оралып, ондағы ғылыми жетекшілік тәжірибесіне талдау жасады. Қорытынды кезеңде зерттеу нәтижелерін таныстырып, тәжірибе алмасты және ғылыми жетекшілік сапасын арттыруға арналған іс-қимыл жоспарларын әзірледі.
Оқу бағдарламасы жоғары оқу орындарының өкілдері арасында кәсіби пікір алмасуға да мүмкіндік берді. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Ербол Сармурзиннің айтуынша, мұндай тренингтер тәжірибе алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және университеттер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға жол ашады.
«Бұл бағдарлама бізге NU тәжірибесін зерделеп қана қоймай, Қазақстанның басқа да жетекші университеттерінің жұмысымен танысуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Narxoz University мен Narikbayev University өкілдері спикер ретінде шақырылды. Мұндай кездесулер басқа университеттерде жұмыс қалай ұйымдастырылғанын кеңірек түсінуге және тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік береді деп санаймын», – деді Ербол Сармурзин.
Бағдарлама Қазақстан университеттерінің докторантура білімін жетілдіру бағытындағы ынтымақтастығын дамытуға жасалған қадамдардың бірі болды. Оның келесі кезеңі 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.



















