Университеттер мен жұмыс берушілер еңбек нарығының жаңа талаптарын талқылады

Түлектердің еңбек жолын сенімді бастауына қандай дағдылар көмектеседі? Университетте алған білім нақты бизнес міндеттерін шешуге жеткілікті ме? Жасанды интеллект жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талаптарын қалай өзгертуде? Осы мәселелер Nazarbayev University (NU) ұйымдастырған «Университеттер мен жұмыс берушілердің ынтымақтастығы: түлектерді заманауи еңбек нарығына даярлау» атты дөңгелек үстелде талқыланды.

NU Мансапты дамыту орталығы ұйымдастырған кездесуге компаниялардың, Қазақстан жоғары оқу орындарының, кәсіби қауымдастықтардың өкілдері мен студенттер қатысты. Олардың қатарында Beeline, Alstom, KAZZINC, PwC, EPAM Solutions, 2GIS және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еліміздің түрлі өңірінен келген оннан астам жоғары оқу орнының мамандары болды. «Студенттердің дауаны» сессиясында NU Студенттік үкіметінің өкілдері кәсіби өмірге дайындық жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісті.

Кездесудің практикалық бөлігінде қатысушылар бес тақырыптық топқа бөлінді. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді, зерттеу жүргізу дағдыларын, жасанды интеллектінің кәсіби қызметке ықпалын және университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту жолдарын талқылады. Әсіресе университетте берілетін академиялық білім мен бизнестің күнделікті жұмысында туындайтын нақты міндеттердің арасындағы алшақтықты азайтуға баса назар аударылды.

Жұмыс берушілер деректермен жұмыс істеу, ақпаратты талдау, дереккөздердің сенімділігін сыни тұрғыдан бағалау және зерттеу нәтижелерін практикалық міндеттерді шешуге қолдану қабілетінің маңызын атап өтті. Сонымен қатар оқу бағдарламаларына нақты бизнес жағдайларын талдауды енгізу, тәжірибеге бағытталған қорытынды жобаларды дамыту, тағылымдама мен тәлімгерлік бағдарламаларын кеңейту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Жеке талқылау жасанды интеллект тақырыбына арналды. Қатысушылардың пікірінше, жасанды интеллект құралдарын меңгеру кәсіби даярлықтың маңызды бөлігіне айналып келеді. Алайда оларды қолдану дербес ойлау қабілетімен, этикалық қағидаларды сақтаумен, жеке деректерді қорғаумен және алынған нәтижелердің дұрыстығын тексерумен қатар жүруі тиіс.

Кездесу қорытындысында университеттер мен компаниялар арасындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамыту қажеттігі атап өтілді. Ұсыныстар қатарында жұмыс берушілер ұсынған практикалық кейстердің ортақ базасын құру, бизнестің білім беру үдерісіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету, бірлескен жобалар мен ақылы тағылымдамаларды көбейту, сондай-ақ серіктестіктің тиімділігін түлектердің жұмысқа орналасуын қоса алғанда, нақты нәтижелер арқылы бағалау бар.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53