Nazarbayev University (NU) студенттерінен құралған BULAN командасы Гонконгта өткен ABU Robocon 2026 халықаралық робототехника байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, Mabuchi Motor Award арнайы жүлдесін жеңіп алды. Ауқымды халықаралық додаға әлемнің 21 елінен үздік университет командалары қатысты.
Биылғы байқау Қазақстан үшін де маңызды оқиғамен есте қалды. NU студенттерінің арқасында еліміз жеті жылдық үзілістен кейін беделді халықаралық робототехника додасына қайта оралды.
Жапонияның ірі Mabuchi Motor компаниясы тағайындаған бұл жүлде робототехника саласындағы ерекше техникалық шешімдерді, жоғары сапалы құрастыруды және механикалық, электрондық әрі бағдарламалық компоненттердің тиімді үйлесімін көрсеткен командаларға беріледі.
Команданың халықаралық додаға жолы 1 шілдеде USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған Almaty Tech Cup аясындағы ұлттық іріктеу кезеңінен басталды. Қазақстандағы іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен BULAN командасы ел намысын Гонконгта қорғау мүмкіндігіне ие болды.
Роботтарды әзірлеу және жарысқа дайындау жұмыстарына NU-дың 28 студентінен құралған пәнаралық команда қатысты. Студенттер механика, электроника, бағдарламалау, дизайн және жобаларды басқару бағыттарындағы білімдері мен тәжірибесін біріктірді. Халықаралық кезеңде университет пен Қазақстанның атынан команданың бес мүшесі — Мейіржан Таздарбай, Темірлан Амангелді, Аймедет Тауфик, Фаршед Иброхимов және Дастан Мусрепов өнер көрсетті.
BULAN командасының ABU Robocon 2026 байқауындағы жетістігі NU-дағы инженерлік білім берудің жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл нәтиже қазақстандық жас инженерлердің әлеуеті жоғары екенін және халықаралық инновациялар алаңында бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.








