NU халықаралық ынтымақтастық тарихына енді — Гонконг Әкімшілігі басшысының мәлімдемесі

3 маусым күні Nazarbayev University Гонконгтан келген ірі делегацияны қабылдады. Делегация құрамында жетекші компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының шамамен 100 өкілі болды. Бұл сапар Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданы әкімшілігі басшысы мәртебелі Джон Лидің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары аясында өтті.

Делегацияны NU президенті профессор Вакар Ахмад қарсы алып, қонақтарға университеттің дамуы, негізгі жетістіктері және стратегиялық жоспарлары туралы айтып берді. Ол сондай-ақ университеттің алдағы төрт жыл ішінде әлемнің үздік 200 университетінің қатарына кіру сияқты өршіл мақсат қойғанын атап өтті.

«Біз үшін ең шабыт беретін мысалдардың бірі — Hong Kong University of Science and Technology. Оның құрылғанына небәрі 35 жыл болса да, ол бірнеше ғасырлық тарихы бар оқу орындарымен табысты бәсекелесіп, кемел әрі беделді жоғары оқу орны ретінде мойындалған. Дәл осындай үлгілер бізді алға ұмтылуға ынталандырады», — деп қосты Вакар Ахмад.

Өз кезегінде Гонконг Әкімшілігінің басшысы Джон Ли NU-ды Еуразия жүрегіндегі жетекші білім және инновация орталығы деп атады.

«Nazarbayev University бірнеше рет маңызды оқиғалардың бір бөлігі болып, бірқатар себеппен тарихқа енді. Соның бірі — 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сапары кезінде дәл осы университет қабырғасында алғаш рет Жібек жолы экономикалық белдеуін бірлесіп құруға ұсыныс жасалған болатын. Осылайша, “Бір белдеу, бір жол” (Belt and Road Initiative) стратегиясына бастама берілді. Ол өзара қарым-қатынасты және бірлескен жобаларды дамытып, өркендеуге бағытталған», — деді ол.

Гонконг — бір уақытта үздік 100 университет қатарына енген бес жоғары оқу орны бар әлемдегі жалғыз қала. Джон Лидің айтуынша, бүгінгі таңда Belt and Road бастамасына қатысушы елдерден 6 000-нан астам студент Гонконгтың Университеттер гранттары комитеті қаржыландыратын бағдарламалар бойынша білім алуда. Олардың шамамен 500-і — Қазақстан студенттері. Осылайша, қазақстандық жастар — Гонконгте білім алып жатқан ең үлкен студенттік топ болып отыр.

«Шетелде оқитын әрбір студент өз елінің елшісіне және мәдениеттер арасындағы көпірге айналады. Гонконгтағы қазақстандық студенттер қауымдастығы өсіп келеді. Бұған бүгін The Hong Kong Polytechnic University және The Education University of Hong Kong университеттерімен қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумдар да ықпал етпек, олар студенттермен алмасу және бірлескен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты қамтиды. Сондай-ақ өткен жылы NU мен HKUST еуразиялық бизнес бағыты бойынша Business Administration (BBA) бірлескен бакалавриат бағдарламасын іске қосты. Бұл бастамалардың барлығы Гонконг пен Қазақстан арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастық деңгейі жоғары екенін көрсетеді», — деді ол.

Сөз соңында Джон Ли Қазақстан мен Гонконг арасында мәдени диалогтың дамып жатқанын да атап өтті. Оның ішінде гастрономиялық дәстүрлер арқылы байланыс орнап жатыр: ол кеше дәстүрлі қазақ асы — бешбармақ пен бауырсақтан дәм татқанын және Гонконгта Орталық Азия тағамдарын ұсынатын алғашқы мейрамхананың ашылуын атап өтті.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53