Қазақ қоғам қайраткері әрі блогер Ғалым Байтұқ Nazarbayev University-ге келіп, оқу орнында жүзеге асып жатқан ғылыми жобалармен және зерттеу инфрақұрылымымен танысты.
Ғалым Байтұқтың білім беру және мемлекеттік басқару саласындатәжірибесі мол. Ол әр жылдары М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде басшылық қызметтерді атқарған.
«Бүгін университет инфрақұрылымымен егжей-тегжейлі танысу мүмкіндігіне ие болдым және одан үлкен әсер алдым. Мұнда тек Орталық Азияда ғана емес, менің ойымша, әлемде теңдесі жоқ экожүйе құрылған. Студенттерге білім алу және ғылыми жұмыс жүргізу үшін барлық жағдай жасалған», — деп бөлісті Ғалым Байтұқ.
Сапар барысында қонағымыз бірнеше ғылыми зертхананы аралап, жүргізіліп жатқан зерттеу бағыттарымен танысты. Университеттің баспасөз қызметіне берген сұқбатында ол ғылыми экожүйенің даму деңгейі жоғары екенін атап өтті.
«Университетте түрлі бағыттағы жүздеген зертхана жұмыс істейді. Ең маңыздысы — олар заманауи зерттеулер жүргізу үшін белсенді қолданылуда. Мен, әсіресе, Қазақстанның алғашқы микрочипі жасалған зертханамен таныстым. Сондай-ақ жоғары деңгейде қайта өңделген литий-иондық батареялардың әзірлемелері мені қатты қызықтырды. Мұндай шешімдер бізге шикізат емес, жоғары технологиялық өнімді экспорттауға мүмкіндік бермек. Бұл біздің ел үшін стратегиялық маңызды», — деп ерекше атап өтті ол.
Сонымен қатар Ғалым Байтұқ ғылымды қолдау саласында бизнестің қатысу деңгейі жеткіліксіз екеніне назар аударды. Оның пікірінше, ғылыми қауымдастық пен жеке сектор арасындағы, соның ішінде зерттеулерді қаржыландырудағы, ынтымақтастықты кеңейту — елдің ғылыми әлеуетін дамыту үшін маңызды шарт.
Сонымен бірге ол университет студенттерінің дайындығын жоғары бағалап, олардың таланттары мен білімге құштарлығын атап өтті. «Бұл мен кездестірген ең дарынды әрі ынталы студенттер», — деді Ғалым Байтұқ.



