Nazarbayev University академиялық жоспарлау және бюджет жөніндегі вице-провосты, сондай-ақ Жоғары білім беру мектебі деканы доктор Аида Сағынтаева бүкіл әлем бойынша жоғары білім сапасын дамытуға бағытталған британиялық Advance HE ұйымының жетекші сарапшысы болып сайланды. Ұйым кәсіби мойындаудың төрт деңгейін қарастырады: Associate Fellow (AFHEA), Fellow (FHEA), Senior Fellow (SFHEA) және ең жоғары деңгей — Principal Fellow (PFHEA). Бұл жоғары мәртебе доктор Сағынтаеваға берілді.
Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау хатында: «Бұл жетістік — NU вице-провосты және Жоғары білім беру мектебінің деканы ретіндегі айрықша еңбегіңіздің мойындалуы, беделді марапатты Сіздің ерекше көшбасшылығыңыздың, көрнекті қызметіңіздің және жоғары білімді ұлттық әрі халықаралық деңгейде дамыту мен жаңғыртуға қосқан елеулі үлесіңіз деп білеміз», — деді.
Британиялық стандарттарға сәйкес Principal Fellow — университет немесе тұтас білім беру жүйесі деңгейінде оқыту мен білім беру стратегиясына ықпал ететін, реформаларды жүзеге асырып, білім сапасы бойынша ірі бастамаларды басқаратын және жоғары білім саясатын қалыптастыратын лауазым иесі. Аида Сағынтаеваның кәсіби көшбасшылығының халықаралық деңгейде мойындалуы NU-дың беделі мен сенімін арттырады. Бұл мәртебе университетте оқыту мен білім беруді басқару саласында әлемдік деңгейдегі көшбасшылар жұмыс істейтінін көрсетіп, бедел, әріптестік және халықаралық жобалар үшін маңызды.
NU президенті профессор Вакар Ахмад: «Бұл марапатпен Аиданы және NU-ды шын жүректен құттықтаймын! Аиданың жоғары білімді дамытуға қосқан үлесі ұлттық және өңірлік деңгейлерде кеңінен мойындалған. Бұл марапат оның жоғары кәсіби мәртебесін және елеулі үлесін растайды», — деп атап өтті.
Айта кетейік, доктор Сағынтаева басқаратын NU Жоғары білім беру мектебі беделді Times Higher Education рейтингі бойынша үздік 200-дің қатарына кіреді. Мектептің көрсеткіштері Sorbonne University (Франция), Newcastle University (Ұлыбритания) және The George Washington University (АҚШ) сияқты дәстүрлі көшбасшылардан жоғары.







