NU түркі әлемінің үздік жоғары оқу орындарының қатарына енді

Беделді халықаралық Times Higher Education агенттігі алғаш рет Орталық Еуразия университеттерінің рейтингін жариялады. Жүздеген беделді түркі жоғары оқу орындарының ішінде Nazarbayev University төртінші орыннан көрініп, бұл сатыны Түркиядағы Boğaziçi University-мен бөлісті. Аймақтың 122 университеті қамтылған бұл тізім Times Higher Education World University Rankings 2026 жаһандық рейтингінің нәтижелері негізінде түзілген. NU Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап отырып, тек үш түрік университетіне — Koç University (1993 жылы құрылған), Middle East Technical University (1956 жылы құрылған) және Sabanci University (1994  жылы құрылған) — жол берді.

«Бұл жетістік біздің Орталық Еуразиядағы алдыңғы қатарлы университет ретіндегі орнымызды айқындай түседі», — деді профессор Вакар Ахмад, NU президенті. «Біздің мақсатымыз — зерттеу, инновация және білім беру саласында әлемдік деңгейге көтеріле отырып, Қазақстан мен бүкіл өңірдің дамуына үлес қосу. Стратегиялық басымдықтарды нақтылау, академиялық басқаруды күшейту және ғылыми зерттеулер мен инновацияларға салынған инвестициялар осы мақсатқа жету жолындағы ілгерілеуді жеделдетеді. Алдағы жылдары бұл нәтижелер университеттің халықаралық рейтингтердегі көрсеткішінен айқын көрінеді деп сенеміз».

Қазақстандық өзге жоғары оқу орындары да рейтингке енді: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (40-орын), Satbayev University (51–60 тобы), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (61–70 тобы) және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (101+ тобы).

Түркия университеттері басымдық танытқанымен, халықаралық ашықтық көрсеткіштері бойынша — шетелдік студенттер мен оқытушылар саны, ғылыми жарияланымдар көлемі тұрғысынан — қазақстандық жоғары оқу орындары алдыңғы қатарда.

Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші зерттеу университеті ретінде NU түркиялық университеттермен әріптестікті дамытып, пәнаралық бірлескен жобаларды жүзеге асырып, академиялық алмасу бағдарламаларын қолдап келеді.

Ынтымақтастықтың маңызды бағытының бірі — цифрлық технологиялар. NU жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) түркі елдеріне арналған тілдік шешімдерді әзірлеуде. MangiSoz 3 платформасы сөйлеуді тану мен синтездеу, мәтінді оптикалық тану (OCR) және машиналық аударма қызметтерін біріктіріп, қазақ, түрік, қырғыз, өзбек және әзербайжан тілдерін қоса алғанда 11 тілді қолдайды. TilSync атты тағы бір өнім синхронды аудармаға арналған және түрік тілінде сынақтан өткен.

Пилоттық рейтингке Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бес елдің — Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан университеттері енді. Құрастырушылардың бағалауынша, алдағы уақытта қатысушы елдер мен университеттер саны артып, жарияланымға қойылатын шек төмендеуі мүмкін.

NU-дың түркі әлемінің үздік университеттері қатарына қосылуы оның өңірдегі жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып, Орталық Еуразия жоғары оқу орындарының жаһандық бәсекелестігі күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53