Биылғы жылы Юсуп Тумгоев НУ Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебін бітіріп, «Data Science» магистрі дәрежесін алды, ал Аманжол Шүнгеев НУ Mедицина мектебінің спорттық медицина және оңалту мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. Олар өткен жылы психотерапевт Жібек Жолдасовамен бірлесе отырып, деменцияның (Альцгеймер ауруы) алғашқы белгілерін анықтауға көмектесетін myMind атты онлайн-тест әзірлеген. Бұл сұхбаттта НУ түлектері өз жобалары және MedTech саласын неліктен таңдағандары туралы айтып берді.
Сіздер медицина саласына қалай келдіңіздер?
Юсуп: Мен медицинадан алшақ едім, бірақ біздің тәлімгеріміз, Galamat Group медициналық холдингінің басшысы Сейітжан Сыпабеков өзінің дәрістерінің бірінде бағдарламалау дағдыларымен қатар кәсіпкерлік ойлаудың арқасында бұл саланы игеріп алуға болатынын айтты. IT-денсаулық сақтау саласы жақын болашақта орасан зор өсуді күтіп тұр және біздің міндетіміз – осы өсудің бір бөлігі болып, оған үлес қосу. Іс жүзінде бұл MedTech саласындағы стартаптармен айналысудың негізгі мотивациясы.
Аманжол: Спорттық медицинаға деген қызығушылық орта мектепте пайда болды, мен оны негізгі техникалық бағытпен қатар зерттей бастадым. НУ-да «Electrical and Electronic Engineering» мамандығы бойынша бакалавриат бағдарламасын аяқтағаннан кейін және тәлімгер Сейітжан Сыпабековпен кездескеннен кейін, технология мен медицина саласы адамдарға көмектесудің және адамдар үшін шынымен маңызды нәрсені жасаудың бірегей құралы болатынын түсіндім. MedTech әрқашан маған жақын жерде болды, бірақ мен оны 2020 жылы ғана түсіндім.
Жобаға қалай келдіңіздер?
Юсуп: 2014 жылы НУ бакалавриат студенттері ретінде біз FoodTech стартапында қызу жұмыс істей бастадық. Бір жүйеде клиенттердің адалдық бағдарламасын, CRM жүйесін, маркетингтік платформаны, мобильді төлем жүйесін және тағы басқаларды қамтитын SuperApp жасадық. Жобаға инвестиция тарту қажет болатын сәт келді. Ол кезде НУ түлегі, Health Project кофехана желісінің негізін қалаушы Аян Бірімжан бізді болашақ тәлімгеріміз Сейітжан Сыпабековпен таныстырды.Бірақ, пандемияға байланысты жобаны тоқтатуға тура келді. Алайда, карантиннен кейін бізге басқа жаңа идеялар келді.
myMind стартапы туралы айтып беріңізші. Тесттің ерекшелігі неде және ол қалай жұмыс істейді?
Юсуп: Қазақстан нарығын зерттей келе, виртуалды емханаға айналған тест пациентті қабылдау және медициналық құжаттамамен жұмыс істеу уақытын 40-50%-ға қысқартады, сонымен қатар адам факторын төмендетеді деген қорытындыға келдік. Дәрігер науқасқа немесе оның күтіміне жауапты адамға талдаудың сілтемесін жіберіп, қажет болған жағдайда нақтылайтын сұрақтар қойып, емдеуді тағайындау жеткілікті.
Аманжол: myMind пациенттің жауаптары негізінде медициналық тарихты автоматты түрде жасайды, қауіп факторларын және деменцияның даму дәрежесін анықтайды және кірістірілген нұсқауларды пайдаланып дұрыс емдеуді тағайындауға көмектеседі. Ең бастысы, myMind виртуалды емхананы өзінің пациенттерді есепке алу жүйесімен басқаруға және олардың нәтижелерін бұлтта қауіпсіз сақтауға мүмкіндік береді.
Сынақ аурудың ерте белгілерін анықтауға қалай көмектеседі?
Аманжол: Сынақтың құрылымы 5 блоктан тұрады, олар ауру дамуының әртүрлі кезеңдерің анықтауға көмектеседі. Жүйе пациенттің жауаптарына сүйенеді. Егер ол 3-блокта орташа деменция белгілері жоқ екенін түсінсе, 4-блоктан пациенттің өту қажеті болмайды. Тест бірнеше варианттардан құралған жауаптардан тұрады, танымдық қабілеттерді анықтауға арналған қолданбалы тапсырмаларды және арифметикалық тапсырмаларды қамтиды. Тестте 109 сұрақ бар.
Бұл тест Қазақстан үшін қаншалықты өзекті?
Юсуп: 2020 жылға дейін деменция 60 жастан асқан адамдарға әсер етеді деп есептелді. Алайда, қазір COVID-19 әсерінен бұл диагнозы бар науқастардың орташа жасы 45 жасқа дейін жасарды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда он мыңға жуық адам деменция диагнозымен есепте тұр, бірақ бұл жобадағы дәрігер маманымыз Жібек Жолдасова 150 мың науқасқа тең статистиканы келтіреді. Бұл айырмашылықты халықтың ауру туралы хабардар болмауымен және оны анықтаудың қолжетімді құралдарының жоқтығымен түсіндіруге болады. Халықтың жалпы қартаюына байланысты сандар жылдан-жылға тек өседі деп болжануда. Қазір бұл тестті жеке клиникалар қолданады.
Биыл сіздер Назарбаев Университетінде магистратураны аяқтадыңыздар. Алдағы жоспарлар қандай?
Аманжол: Юсуп екеуміз бір пікірге қосыламыз: «Жұмыс іздегенше, жұмыс орындарын жасаған жақсы». Бұл көзқарасымыз бізді қазіргі жағдайымызға әкелді. Біз әрқашан жаңа және революциялық, адамдардың өміріне үлкен әсер ететін нәрселерді жасауға тырыстық, және әрі қарай жасауға тырысамыз.








