Азияның жетекші университеттерінің басшылары 25–27 қараша күндері Seoul National University (Оңтүстік Корея) базасында өткен Asian Universities Alliance (AUA) жыл сайынғы басқарушы кездесуінде бас қосты. Жиын аясында оқу бағдарламаларын жаңарту, цифрлық білім экожүйелерін дамыту және жаһандық таланттардың академиялық мобильдігін арттыру мәселелері бойынша панельдік пікірталастар мен стратегиялық сессиялар өтті. Ашылу рәсімінде Seoul National University, Tsinghua University және United Arab Emirates University басшылары сөз сөйледі.
Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде 401–500 диапазонында тұрған, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказдағы №1 университет деп танылған Nazarbayev University (NU) атынан провост Рехан Садық және ғылыми зерттеулер мен инновациялар жөніндегі уақытша вице-провост, профессор Жұмабай Бәкенов қатысты. Олар NU-дің өңірлік және халықаралық деңгейдегі артып келе жатқан рөлі туралы баяндады.
Кездесу шеңберінде AUA-дың екі жұмыс тобы – қаржылық тұрақтылық және альянс құрамын кеңейту мәселелері бойынша жиындар өтті. Қатысушылар 2026–2029 жылдарға арналған AUA-дың орта мерзімді стратегиясын, қазіргі прогрестің бағалануы мен алдағы бастамалардың мерзімдерін және жаңа кезеңнің басым бағыттарын талқылады.
Провост Садық қаржылық тұрақтылық жөніндегі жұмыс тобына төрағалық етіп, модератор болды. Сонымен қатар халықаралық таланттарды Азия университеттеріне тарту және оларды қолдау тақырыбына арналған панельдік пікірталасқа қатысты. Сарапшылар ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, университеттердің жаһандық академиялық кеңістікке белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті. Талқыланған негізгі кедергілердің қатарында тілдік тосқауылдар, білім беру жүйелерінің арасындағы айырмашылықтар және түлектер үшін мансаптық мүмкіндіктердің шектеулілігі аталды.
Профессор Садықтың айтуынша, 2000 жылдан бері халықаралық студенттердің саны үш еседен астам өсті: 2022 жылы шамамен 7 миллион студент өз елінен тыс жерде білім алған, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 миллионға жетуі мүмкін. Негізгі студент “донорлары” – Азия елдері, әсіресе Қытай, Үндістан және Өзбекстан. АҚШ, Австралия, Германия, Канада және Жапония халықаралық студенттер санын ұлғайтып келеді.
«Жаһандық таланттарды тарту – университеттердің халықаралық беделін, зерттеу әлеуетін және студенттік қауымның мәдени алуан түрлілігін арттырудың шешуші тетігі», — деді профессор Садық. Оның айтуынша, Азия университеттері халықаралық студенттерді тартуда негізгі нарықтардың ерекшеліктерін, студенттердің кәсіби және әлеуметтік қажеттіліктерін, сондай-ақ қабылдаушы елдердегі көші-қон және еңбек режимдерін ескеруі тиіс.
Провост жасанды интеллекттің мүмкіндіктеріне арнайы тоқталып, оның көмегімен университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға болатынын атап өтті. Профессор Садық AUA мүшелері үшін ортақ цифрлық білім беру платформасын — стримингтік сервистерге ұқсас бірыңғай оқу кеңістігін құруды ұсынды.
«Әр университет өз бетінше платформалар әзірлеудің орнына, AUA біртұтас цифрлық “кампус” жасай алар еді. Бұл — дәстүрлі семестрлік жүйеден модульдік, икемді форматқа көшу», — деді ол. — «Пекиндегі Цинхуа университетінен бастап, Токио университеті мен IIT Bombay-ға дейінгі оқытушылар мен зерттеушілер өңірлік маңызы бар тақырыптар бойынша бірлесіп оқу модульдерін әзірлей алар еді: тұрақты қалалық даму, түрлі климаттық аймақтардағы қоғамдық денсаулық, Азиядағы жасанды интеллект этикасы».
Провосттың айтуынша, мақсат тек оқу материалдарын алмасу ғана емес, сондай-ақ виртуалды клубтар, бірлескен жобалар және түрлі елдер студенттерінің тікелей пікірталастары арқылы трансшекаралық академиялық қауымдастық қалыптастыру.
Университеттердің жетекшілері оқу бағдарламаларындағы инновациялар, пәнаралық бағыттарды дамыту және бірлескен білім беру бастамаларының мүмкіндіктерін де талқылады.
Asian Universities Alliance туралы
Asian Universities Alliance 2017 жылы Пекиндегі Tsinghua University бастамасымен құрылып, бастапқыда 15 университетті біріктірді. NU альянстың құрылтайшыларының бірі. Бүгінде AUA құрамында өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге бірге жауап беруді және академиялық ынтымақтастықты нығайтуды мақсат ететін 19 университет бар.

















