2023 жылы Миддлбери колледжімен бірге іске қосылған «Шетелдік студенттерге арналған орыс тіліндегі бағдарлама» АҚШ-тан келген студенттерге Қазақстанда семестр бойы оқуды ұсынады.
Американың әртүрлі аймақтарынан, соның ішінде Нью-Йорк, Огайо, Теннесси, Массачусетс және т.б. штаттардан студенттер Астанаға қазақ мәдениетімен танысып, орыс тілін үйрену үшін келді.
«Мен NU-да оқитыныма өте қуаныштымын, өйткені студенттер мен оқытушылардың қолдауын алғашқы бірнеше күнде-ақ сезіндім. Мен өзімнің орыс тілімді жетілдіріп, саясат, мәдениет және тарих призмасы арқылы Қазақстан туралы көбірек білгім келеді. Бешбармақ пен палау сияқты дәстүрлі тағамдардың дәмін татып көру өте керемет болды, мен NU және жалпы Қазақстан тағы не ұсынатынын білгім келеді!» — деп Нью-Йорктегі Скидмор колледжінің студенті София Александрия Мэй әсерімен бөлісті.
Студенттер тілден басқа Еуразиядағы халықаралық қатынастарды, Орталық Азияның саясаты мен тарихын, қазақ музыкасы мен мәдениетінің тарихын зерттейді.
«Мен Қазақстандағы Назарбаев Университетінде оқып жатқаныма өте қуаныштымын және Қазақ елі мен мәдениеті туралы көбірек білгім келеді. Мен осында болған кезде Назарбаев Университеті, Астана және жалпы Қазақстан маған не ұсынатынын асыға күтудемін», — NU-дағы семестрден күтетін үміттері туралы Теннесси штатындағы Brown University университетінің студенті Гийом Бастиен Ромбо-Хенрикес айтты.
Шетелдік студенттерге арналған орыс тілі бағдарламасы — Middlebury Language Schools және NU Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің бірлескен жобасы. Мектеп деканы Гонзало Хап Хортелано бұл жобаны қазақстандық студенттерге АҚШ-тағы ең үздік студенттермен кездесуге және олармен қарым-қатынас жасауға тамаша мүмкіндік деп санайды.
«Сондай-ақ АҚШ-тағы ең жақсы тіл мектебімен халықаралық серіктестікті нығайтып жатырмыз. Өз кезегінде, бұл бізге NU-ды шетелдік студенттерге көрсетуге, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияны бүкіл әлемге танытуға мүмкіндік береді. Биыл студенттер санының едәуір артуы біздің бағдарламамыздың танымалдылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Біз көп жылдар бойы Миддлбери колледжімен серіктестікті нығайтуды және оны қолдауды асыға күтеміз», — деді декан Хортелано.
Миддлбери колледжі – қытай, француз, итальян, орыс, испан және т.б. қоса алғанда, әлемдік тілдердің ауқымында тіл үйретуді ұсынатын АҚШ және әлемдегі жетекші тіл институттарының бірі. 1880 жылы негізі қаланған оның 16 елде филиалдары бар.








