Nazarbayev University студенті Жасұлан Төлеубеков «CYCLELAB: Экология болашағы» атты студенттік жобалардың республикалық байқауында екінші орын иеленді. Байқау аясында ол «ЭкоКидс» атты білім беру бағытындағы экологиялық жобасын таныстырды.
Аталған байқау «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде ұйымдастырылды.
«ЭкоКидс» жобасы – балаларға арналған экологиялық білім беру контентін біріктіретін онлайн-платформа. Бастама бейнематериалдар, мультфильмдер және басқа да цифрлық ресурстарды жинақтап, оларды тақырыптар мен жас ерекшеліктері бойынша жүйелейді. Мұндай тәсіл балалар, ата-аналар мен білім беру ұйымдарының сапалы материалдарға қолжетімділігін жеңілдетеді.
Жасұлан Төлеубековтің айтуынша, жобаның басты ерекшелігі – оның агрегаторлық функциясында: «“ЭкоКидс” жобасының бірегейлігі – бұл балаларға арналған сапалы экологиялық контентті жинақтап, жүйелейтін платформа-агрегатор. Қазіргі таңда мұндай материалдар жеткілікті болғанымен, олар жан-жақта орналасқан және әрдайым қолайлы форматта ұсыныла бермейді», – деді ол.
Автордың атап өтуінше, жоба экологиялық білімнің қолжетімділігі мәселесін шешуге бағытталған: «Егер бала ерте жастан бастап табиғи ресурстардың құндылығын және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды түсінсе, бұл оның болашақтағы мінез-құлқының бір бөлігіне айналады. Тұрақты даму дәл осыдан басталады», – деп атап өтті ол.
Платформа қазірдің өзінде онлайн режимде қолжетімді: jastyq-korpeshka.vercel.app.
Өз кезегінде, NU Тұрақты даму офисінің басшысы міндетін атқарушы Салтанат Басембекова мұндай бастамалар тұрақты даму саласындағы жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал ететінін айтты. Оның сөзінше, студенттер бүгінде практикалық маңызы бар әрі ауқымды деңгейде іске асыруға әлеуеті жоғары шешімдерді ұсынып отыр.
Nazarbayev University университетінде студенттік бастамаларды қолдау – тұрақты дамуды ілгерілету және өзекті экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық шешімдерді әзірлеу бойынша жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі.







