NU білім беру ортасы аэроғарыш саласына жол ашады

Малика Амангелдиева, Nazarbayev University-дің «Механика және аэроғарыш инженериясы» бағдарламасының екінші курс студенті, Ұлыбританияның Портсмут қаласындағы Airbus Defence and Space компаниясында бір жылдық ақылы тағылымдамадан өтуде. Бұл кәсіпорын Еуропадағы аэроғарыш индустриясының маңызды орталықтарының бірі саналады.

Малика мұндай мүмкіндікке қол жеткізген Қазақстандағы STEM саласындағы алғашқы студент қыздардың бірі. Оның айтуынша, NU-дағы білім мен университеттегі мықты инженерлік орта халықаралық деңгейге шығуына жол ашқан. Ал спутниктік жүйелер жасалып, сынақтан өтетін кәсіпорында жұмыс істеуді ол үлкен жауапкершілік деп санайды.

«Қазақстанда халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын мықты мамандар бар екенін көрсету – мен үшін үлкен мотивация», — дейді ол.

Бұл еуропалық компания бакалавриат студенттерін ұзақ мерзімді ақылы тағылымдамаға сирек қабылдайды, әсіресе Орталық Азиядан. Соған қарамастан, табандылық, практикалық тәжірибе және жауапкершілік алуға дайындық Маликаның бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтуіне көмектесті. Алдымен құжат тапсырып, кейін сұхбаттан өтіп, өз жетістіктерін таныстырды. Финалда он үміткердің ішінен дәл өзі таңдалды.

Қазір ол компанияның Transformation & Performance бөлімінде тағылымдамадан өтуде. Бұл бөлім спутниктерді құрастыру, біріктіру және сынақтан өткізу (AIT) процестерінің тиімділігін арттыруға жауап береді.

«Менің міндеттеріме өндірістік алаңдарда, “таза бөлмелерде”, сапа және өндірістік инженерия бөлімдерінде тактикалық жақсартулар мен Kaizen жобаларын енгізу кіреді. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі жүйесін жетілдірумен айналысамын. Qlik, DEMAT және Google Workspace платформаларын пайдаланып, негізгі тиімділік көрсеткіштерін әзірлеймін, 5S тексерістері мен өндірістік бақылау құралдарын жасаймын», — дейді Малика.

Ұсынылған шешімдер нақты нәтиже берсе, олар тек Портсмуттағы өндірісте ғана емес, Ұлыбритания мен Еуропадағы компанияның басқа алаңдарында да енгізіледі.

«Мұнда дайын нұсқаулық сирек беріледі. Мәселені өзің анықтап, шешім ұсыну, оны түрлі бөлімдермен келісу және нәтижесінің тиімді екенін дәлелдеу керек. Бұл әрі инженер, әрі менеджер сияқты ойлауға үйретеді», — дейді ол.

Маликаның инженерияға қызығушылығы мектеп кезінен басталған. 9-сыныпта-ақ техникалық бағытты таңдауға бел буып, инженерлік мамандықтары кең ұсынылған NU университетіне оқуға түсуге шешім қабылдаған. Оның жолы Foundation бағдарламасынан басталды. Алғашқы қиындықтардың бірі ағылшын тілі болса, маңызды кезеңдердің бірі — NU Motorsports командасына қатысу болды.

«NU-да ынталы инженерлерден құралған күшті орта бар. Бұл маған келесі қадамдарды анықтауға көмектесті. Бірінші курс студенттері үшін академиялық клубтарға қосылу өте пайдалы. Үлкен курс студенттері мен тәжірибелі қатысушылар жиі пайдалы кеңес беріп, бағыт көрсетеді», — дейді ол.

Маликаға тағы бір студенттің үлгісі әсер еткен. Ол АҚШ-тағы ірі халықаралық компаниялардың бірінде тағылымдамадан өткен.

«Біздің университет студенттерінің халықаралық ірі компанияларда жетістікке жетіп жатқанын көргенде, мұндай мүмкіндіктер қол жетпес емес екенін түсіндім. Сол кезден бастап мен де сондай тәжірибеге ұмтылдым», — дейді студент.

Оның айтуынша, оқу кезінде және оны аяқтағаннан кейін тағылымдамадан өту — болашақта жұмыс табудың маңызды факторларының бірі. Биыл жазда Малика оқуын жалғастыру үшін Қазақстанға оралады. Оның жетістігі қазақстандық мамандардың әлеуеті артып келе жатқанын және халықаралық стандарттарға сай білім беретін университеттердің маңызы зор екенін көрсетеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53