Nazarbayev University 2026 жылғы 16-18 қазан аралығында Астана қаласында AIST-2026 — кескіндерді, әлеуметтік желілерді және мәтіндерді талдау конференциясын өткізеді.
AIST — деректер ғылымы, машиналық оқыту және деректерді талдау салаларында жұмыс істейтін зерттеушілерді, ғалымдар мен индустрия мамандарын біріктіретін халықаралық ғылыми конференция. Конференция зерттеу нәтижелерін таныстыруға, білім және тәжірибе алмасуға, заманауи технологияларды талқылауға, сондай-ақ академиялық орта мен индустрия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Конференция бағдарламасы кескіндер мен бейнелерді талдау, табиғи тілді өңдеу, есептеу лингвистикасы, әлеуметтік желілерді талдау, геоақпараттық жүйелер, терең оқыту, білім беру деректерін талдау, ұсынымдық жүйелер, сондай-ақ машиналық оқытуды экономика және әлеуметтік ғылымдарда қолдану сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
Конференция халықаралық және қазақстандық деректер ғылымы қауымдастығының өкілдерін бір алаңға жинап, деректерді талдау мен машиналық оқытудың теориялық және практикалық аспектілерін талқылауға мүмкіндік береді.
Конференция материалдарының негізгі жинағын Springer Lecture Notes in Computer Science (LNCS) сериясында жариялау жоспарлануда.
